×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Көкбөрі финалындағы дүрбелең: Садыр Жапаров билеті жоқ көрермендерді де кіргізуді тапсырды

06.09.2026, 12:57
Көкбөрі финалындағы дүрбелең: Садыр Жапаров билеті жоқ көрермендерді де кіргізуді тапсырды
aki.kg

Қырғызстанда өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы көкбөрі финалының алдында, 6 қыркүйекте, дүрбелең болды. Билеті жоқ бір топ көрермен стадионға баса-көктеп кірмек болған. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров барлығын кіргізуді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Ақтық кездесу алдында Шолпан-Атадағы ипподром маңына көп адам жиналған. Билеті жоқ көрермендердің де ішке кірмек болғаннан кіреберісте дүрбелең туындады. Әлеуметтік желіде арена кіреберісіндегі милиция қоршауына қарай қалың жұрттың лап қойған сәті түсірілген видеолар тарады. Волонтерлермен жанжал болғаны туралы да хабарланды.

Бұған дейін ұйымдастырушылар көкбөрі мен көкпардан өтетін ақтық сындарға билеттердің түгел сатылып кеткенін мәлімдеген. Ойындарға қызығушылық жоғары болғандықтан, елдің әр өңірінде жанкүйерлер кездесулерді үлкен экраннан тамашалай алатын арнайы фан-аймақтар ашылған.

Ойын басталар алдында Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы финалды көргісі келгеннің барлығын трибунаға кіргізу туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Оның айтуынша, мұндай тапсырманы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров берген.

Қазақстан ірі есеппен жеңілді

Финалда Қырғызстан құрамасы Қазақстанды 12:0 есебімен жеңді.

Алаң иелері алғашқы таймнан-ақ басымдық танытып, төрт салым жасап, есепті 4:0-ге жеткізді.

Екінші таймда қырғыз көкбөрішілері тағы төрт рет нәтижелі шабуыл жасап, басымдығын 8:0-ге дейін ұлғайтты. Қазақстан құрамасы жауап қайтара алмады.

Соңғы таймда Қырғызстан тағы төрт салым салып, матчты 12:0 есебімен аяқтады.

Осылайша, Қырғызстан көкбөріден Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанды. Қазақстан құрамасы күміс жүлдені қанағат тұтты.