×
$
456.56
530.52
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.56
530.52
5.28

Көшпенділер ойындарының жеңімпазы кім? Қазақстан мен Қырғызстанның есебі қабыспады

Бүгін, 10:06
Көшпенділер ойындарының жеңімпазы кім? Қазақстан мен Қырғызстанның есебі қабыспады
Мейірбек Тажкуранов

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдар есебінде Қазақстан мен жарысты ұйымдастырушылардың деректері сәйкес келмей қалды. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманы жеңімпаз деп жарияласа, жарыстың ұйымдастыру комитеті Қырғызстанды бірінші орынға қойған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Даудың негізгі себебі – Қазақстанның алтын медальдарына қатысты айырмашылық. ҚР Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылар 32 алтын медаль жеңіп алды деп көрсетсе, ұйымдастырушылардың есебінде бұл көрсеткіш 29 алтын медаль болған.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстан құрамасы жарысты 74 медальмен аяқтады. Спортшылар 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль иеленді. Осы нәтижемен ведомство Қазақстанды жалпыкомандалық есепте бірінші орынға қойды. 30 алтын медалі бар Қырғызстан екінші, ал жеті алтын медаль алған Ресей үшінші орынға орналасты.

Қазақстандық спортшылар аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, алыш, армрестлинг, арқан тарту, тоғызқұмалақ, мангала, дәстүрлі садақ ату, ат жарысы және басқа да спорт түрлерінен медаль жеңіп алды.

Өзге нәтижелер Көшпенділер ойындарының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. Ондағы медальдар есебінде жеңімпаз ретінде Қырғызстан көрсетілген. Қазақстан екінші орында тұр.

Ұйымдастырушылар ҚР құрамасының қоржынына Қазақстан ведомствосы көрсеткен 32 емес, 29 алтын медаль жазған.

Қорытынды есептегі айырмашылық әлеуметтік желі қолданушылары арасында сұрақ туғызды. Әртүрлі мәліметтерге қазақстандық БАҚ өкілдері де назар аударды. Ал қырғызстандық басылымдар өз құрамасының Көшпенділер ойындарында жеңіске жеткенін хабарлады.