Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдар есебінде қайта есептеуден кейін бірінші орынға шықты. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылар Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының жеңіп алған медальдарын жеке есепке алған. Соның нәтижесінде қорытынды кесте өзгеріп, Қазақстан құрамасы бірінші орынға көтерілген.
Алагөзов айырмашылық марапаттарды есептеу кезінде кеткенін түсіндірді.
– Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз, – деді Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы.
Ол қырғызстандық спортшылардың жарыста лайық өнер көрсеткенін атап өтіп, екі ел арасындағы бәсеке спорт шеңберінен аспағанын айтты.
Дау не себепті шықты
Ойындар аяқталғаннан кейін Қазақстан мен жарысты ұйымдастырушылар әртүрлі мәлімет жариялады. ҚР Туризм және спорт министрлігі құраманың 74 медаль – 32 алтын, 20 күміс және 22 қола – иеленіп, бірінші орын алғанын мәлімдеді.
Ал Ойындарды ұйымдастыру комитеті басқа деректі жариялады. Оның кестесінде Қазақстанның қоржынында 29 алтын медаль көрсетіліп, 30 алтын медальмен Қырғызстан көш бастап тұрған.
Үш алтын медальдағы айырмашылық көпшіліктің сұрағын туғызды. Финалдан кейін әлеуметтік желілерде дау басталып, қолданушылар Қазақстанның үш алтын медалі қайда кеткенін және ақырында кімнің жеңімпаз атанғанын түсіндіруді талап етті.
Нәтижелер кестесі бірнеше рет өзгертіліп, кейін өшірілді.
Кейін Қырғызстанның спорт министрлігі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, жалпы командалық медальдар есебі ресми түрде жүргізілмейтінін мәлімдеді. Осыдан кейін қорытынды кесте ресми платформалардан алынып, нәтижелерді қосымша салыстырып тексеру туралы шешім қабылданды.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті. Оған 100-ден астам елден шамамен үш мың спортшы қатысты.