×
$
456.89
531.36
5.32
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
456.89
531.36
5.32

"Сарбазды адам құрлы көрмеген": 19 жастағы жігіт әскерден балдақпен оралды

Бүгін, 11:27
"Сарбазды адам құрлы көрмеген": 19 жастағы жігіт әскерден балдақпен оралды
Ulysmedia коллажы

Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны Бақытжан Өмит әскерге өз еркімен кеткен. Алайда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаз он айдан кейін үйіне балдаққа сүйеніп оралды. Анасы ұлының әскери қызмет кезінде денсаулығына тиісті деңгейде көңіл бөлінбегенін айтып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Әскерге жарамды деп жіберілген

Жанары жасқа толған Сәуле Қуандықова үш аптадан бері жанын қоярға жер таппай жүр. Ұлы Сарыағаштағы медицина колледжінде оқып жүрген жерінен былтыр қарашада әскерге аттанған. Әскери комиссариат екінші курс студентінің денсаулығында кінәрат жоқ деп Қапшағайдағы 58012 әскери бөліміне жіберген. Алайда арада екі ай өткенде Бақытжан Өмиттің денсаулығы сыр берген.

Жігіттің айтуынша, жүру қиындап, аяғы қатты ауырған. Бұл туралы әскери бөлімдегілерге айтқанымен, бір рет дәрігерге көрсеткеннен кейін оған бәрі дұрыс деген жауап берілген.

– Жүрсем болды аяғым қақсатады. Аяғымды ақсаңдап басатын болдым. Оны айттым. Сосын бір рет апарып көрсетті. Ол кезде бәрі дұрыс деді. Сосын әрі қарай шолтаңдап басып жүре бердім аяғымды. Оларға айтам. Олар дым істемейді. Сомен жүре бердім. (...) Ол жақта амал жоқ. Қанша айтсаң да, қолыңнан дым келмейді. Шыдап жүре бересің, қанша ауырса да. Өйткені сен сарбазсың, – дейді Бақытжан Өмит.

Сарбаз Семейге ауыстырылған

Сәуле Қуандықова баласының бойындағы бұл кінәратты әскери бөлім командирлеріне бастапқыда ескерткенін айтады. Алайда оның сөзінше, шағымына ешкім назар аудармаған.

Қапшағайда 4,5 ай әскери борышын өтеген сарбаз кейін Семейге ауыстырылған. Анасының айтуынша, ондағы дәрігерлер Бақытжанды бірден госпитальға жіберген.

19 жастағы жігіт Астанада екі ай жатқанын айтады. Келес ауданының тұрғыны сол жерде ешқандай ем көрмегенін жеткізді. Ақыры он айдан кейін үйіне әскери қызметке жарамсыз деген қағазбен оралған.

– Сарбазды адам орнына көрмеген бұлар. Қанша қиналған, құлаған. Сонда бұл адам емес пе? (...) Әскерде ешқандай балаға жауап бермейді бұлар денсаулығына. Сап-сау баламды әкетті де, ақырында ауру болғаннан кейін бар, өзің емдет дегендей қылып әкеп тастап отыр. Мен келген кезде шок болып қалдым. Баламды енді қазір сүйретіп жүрмін. (...) Бұл жаққа келіп, дәрігерге көрінейін десем, сақтандыруы да жоқ болып қалған ғой бұның. Жұмыссыздыққа тіркейін десем, бұның денсаулығы да жарамайды. Оны төлем салайын десем, не төлей алмай, не дәрі-дәрмегін ала алмай отырмын, – дейді Түркістан облысының тұрғыны Сәуле Қуандықова.

Қорғаныс министрлігі не дейді?

Қорғаныс министрлігінің бас әскери-клиникалық госпиталінің бөлім бастығы Бақытжанға бірден медициналық көмек көрсетілгенін айтады. Жігітке ем-домның барлығы жасалған көрінеді.

– Жергілікті атқарушы орган құрған медициналық комиссияның қорытындысымен ол әскери қызметке жарамды деп танылған. Әскери қызмет барысында шағымдар пайда болғаннан кейін жан-жақты тексеру барысында буындардың туа біткен патологиясымен қатар несеп шығару жүйесінің қосымша аурулары анықталды. Анықталған аурулардың жиынтығы бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылды және кейіннен берілген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылды, – дейді ҚР ҚМ Әскери-клиникалық госпиталь травматология бөлімінің басшысы.

«Баламды қазір сүйретіп жүрмін»

Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен Бақытжан үш апта бұрын үйіне оралған. Қазір өздігінен жүре алмайды, балдаққа сүйенеді.

Анасының айтуынша, ұлын емдету мәселесі де шешілмеген. Сәуле Қуандықова медициналық сақтандыруы жоқ болғандықтан, аурухана қабылдамағанын айтады.

Ол әскери қызмет кезінде баласының денсаулығына немқұрайлы қарағанына наразы.