×
$
450.91
522.69
5.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.91
522.69
5.33

БРИКС-ке мүше елдер біржақты басталған соғыстарды айыптауға келісті

Бүгін, 14:29
БРИКС-ке мүше елдер біржақты басталған соғыстарды айыптауға келісті
Reuters

БРИКС-ке мүше елдер Нью-Делиде өтетін көшбасшылар саммиті қарсаңында ортақ декларация мәтінін келісті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Reuters дереккөздеріне сілтеме жасап. Құжат АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс және БРИКС ішіндегі елеулі келіспеушіліктер, әсіресе Тегеран мен Абу-Даби арасындағы қайшылықтар аясында әзірленген.

Елдер ортақ тұжырымға келді

Агенттік мәліметінше, қорытынды декларацияда жекелеген мемлекеттердің аты тікелей аталмауы мүмкін. Соған қарамастан, БРИКС елдері кез келген мемлекеттің соғысты өз бетінше бастауын айыптауға ниетті.

БРИКС көшбасшылары құжатты сенбіде ресми түрде бекітуі мүмкін.

Үндістан Сыртқы істер министрлігі декларацияның мазмұнына әзірге түсініктеме берген жоқ.

Иран мен БАӘ арасындағы келіспеушілік кедергі болды

Құжатты дайындаудағы басты қиындықтың бірі – Иран мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысты ұстанымдарының сәйкес келмеуі болды.

Мамырда БРИКС елдерінің сыртқы істер министрлері дәл осы қайшылықтарға байланысты ортақ мәлімдеме қабылдай алмаған еді.

Енді, агенттік дерегінше, тараптар Иран мен БАӘ-нің екеуіне де қолайлы тұжырым таба алған.

БРИКС бірлігін көрсетуге тырысып отыр

Сарапшылардың пікірінше, декларацияның өзі халықаралық жағдайды түбегейлі өзгерте қоймайды. Алайда БРИКС үшін тіпті ең даулы мәселелерде де ортақ мәмілеге келе алатынын көрсету маңызды.

Ұйымға мүше елдер әлемдік саясаттағы ықпалын күшейтуге де ұмтылып отыр. Олар Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалауды талап етіп келеді. БРИКС елдерінің пікірінше, қазіргі халықаралық жүйе Батысқа тым тәуелді.

Саммитке кімдер келді?

Нью-Делидегі жиынға Владимир Путин, Си Цзиньпин, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Сирил Рамафоса және Абу-Дабидің тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян қатысып жатыр.

Еске салайық, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Үндістанда өтетін БРИКС саммитіне қатысып, жиында сөз сөйлейді.

Тегеран мен Абу-Даби арасындағы шиеленіс

Соғыс басталғаннан кейін БАӘ аумағына Иран тарапынан зымыран соққылары жасалған.

Тамызда Абу-Даби Иранмен сауда және қаржы операцияларын уақытша тоқтатты.

Қазір БРИКС құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы, Мысыр, Эфиопия, Индонезия, Иран және Біріккен Араб Әмірліктері кіреді.

Бұл елдерде әлем халқының 40 пайыздан астамы тұрады, ал олардың үлесіне жаһандық экономиканың шамамен төрттен бірі тиесілі.