×
$
444.88
513.26
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.88
513.26
5.28

Әйел подъезге жүгіріп шығып, көмек сұраған: Астанадағы ерлі-зайыптының өліміне қатысты тың дерек

Бүгін, 09:01
Әйел подъезге жүгіріп шығып, көмек сұраған: Астанадағы ерлі-зайыптының өліміне қатысты тың дерек
ЖИ/Ulysmedia

Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған отбасылық жанжал кезінде 55 жастағы ер адам мен оның 53 жастағы әйелі қаза тапты. Қайғылы оқиғаға қатысты тың мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жаңа деректер

Көршілері «7 арнаға» берген сұхбатында оқиғаға дейін әйелдің подъезге жүгіріп шығып, көмек сұрағанын айтты. Олардың сөзінше, отбасында бұған дейін де жанжалдар болған.

Көршілердің бірінің айтуынша, сағат 22:30 шамасында пәтерден бірнеше минут бойы айқай-шу естілген.

– Екі рет, менің түсінгенімше, ол подъезге жүгіріп шықты, бәлкім, қашып кеткісі келген шығар. Кейін жедел жәрдем мен полиция келді. Содан кейін бір жағдай болғанын түсіндік, – деді көршісі.

Басқа тұрғындар да әйелдің көмек сұрағанын естігенін айтады. Олардың сөзінше, кейін ер адам: «Мен не істеп қойдым?» деп айқайлаған. Артынша үй іші тып-тыныш болған.

Бұған дейін де жанжал болған

Төменгі қабатта тұратын Бақжамал Кешірбаева отбасындағы жанжалдардың бұған дейін де естілгенін айтты.

– Былтыр жиі еститінбіз. МИБ өкілімен бірге оларға барып, ескерту жасадық. «Ересек адамдарсыздар ғой, қойыңыздар мұндайды» дедік. Оның ішімдік ішетінін кейін білдік. Әйелі сол кезде полиция шақырған, оны екі күнге қамаған, – деді ол.

Сонымен бірге басқа көршілердің айтуынша, отбасы сырт көзге қалыпты көрінген және үйіне жиі қонақ шақырған.

Сол түні не болды?

Полиция мәліметінше, жанжал кезінде ер адам әйеліне пышақ жарақатын салған, кейін өзі де жарақат алған.

– Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында қайтыс болды, – деп хабарлады Астана полиция департаменті.

Тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер оқиғаның барлық себебі мен мән-жайын анықтауы керек.

Қайғылы жағдай кезінде ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған баласы үйде болған. Олардың бес баласы бар, төртеуі – ересек. Кіші ұлы 14 жаста. Қазір жасөспірім аға-әпкелерінің қасында. Онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.