Сепаратизмді насихаттады деп айыпталған 36 жастағы Орал тұрғыны Ресейде босқын мәртебесін алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Өткен жылы Максим Яковченко әлеуметтік желіде «Орал, Петропавл, Павлодар және тағы басқа қалаларды Ресейге беру керек. Мұнда жатжерліктер билікте отыр» деп жазған еді. Оның бұл сөзі әлеуметтік желілерде қызу талқыланғаннан кейін, үстінен іс қозғалып, сепаратизмді насихаттады деп айыпталды.
ҰҚК Шекара қызметі Максим Яковченконың 2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресейдің Самара облысына қашып кеткенін мәлімдеген.
Оның РФ-да босқын мәртебесін алғаны белгілі болды.
2022 жылғы 1 желтоқсанда Максим Яковченко Ростов облысында ұсталды. Алайда оны елге қайтару мүмкін болмады. Өйткені ол Ресейде босқын мәртебесін алған, - деп жазылған хабарламада.
Максим Яковченко – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Федоровка ауылының тумасы.