Қзақстан билігі былтыр 6 наурызда Алматыда Украинадағы соғысқа қарсы рұқсат етілген митинг өткен еді, одан кейін жергілікті әкімдіктер мұндай митингіге рұқсат бермей келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Азаттық сілтеме жасап.
15 ақпанда Көкшетау әкімдігі азаматтық белсенділерге Ресейдің Украинаға басқыншылығының бір жылдығына орай Украинаны қолдап пикет өткізуге рұқсат етпеді.
Бейбіт митингіге арыз берушілердің бірі Уәлихан Неғметовтің Азаттыққа айтуынша, олар пикетте Украинаны қолдаудан бөлек, Қазақстанның Евразиялық одақтан, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығуды да талап етпек болған.
“Бізге рұқсат бермеудің нақты себебін түсіндірмеді, сол бейбіт жиын өткізу туралы заңға сілтеме жасады. Содан соң дауыс күшейткіш қолдануымыз мүмкін екендігін айтты”, - дейді Нығметов.
Көкшетау әкімдігінің ресми жауабында "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңның 1-бабының 10-тармағына сай рұқсат берілмегені жазылған. Аталған баптың 10-тармағында пикет "дыбыс күшейткіш техникалық құралдарсыз, тек плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдармен өтетіні" айтылған.
Азаматтық белсенділер өздерінің дауыс күшейткішті қолдану ойлары болмағанын айтады.
Былтыр сәуірде бір топ көкшетаулық белсенді Ресей агрессиясын айыптап, автошеру өткізген еді. Көкшетау полициясы бір айдан соң оларды "заңсыз митинг ұйымдастырды" деп айыптап, әкімшілік жазаға тартқан. Әкімшілік жазаға тартылғандар арасында белсенділер Марат Жанұзақов, Бауыржан Балташев, Гаухар Шәкенова бар.
2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға "денацификация және демилитиризация жасаймыз" деген желеумен басып кірген еді. Ресей президенті Путин Украинаға соғысты жариялаған кезде Украинаның жерін басып алу мақсаты жоғын айтқанымен, бір жылдың ішінде Ресей Запорожье, Херсон облыстарының бір бөлігін оккупациялап алды.
Былтыр наурызда Алматы әкімдігі Украинадағы соғысқа қарсы митингіге рұқсат берген еді. Бұл шараға мыңдаған адам қатысып, Ресейдің Украинаға соғысына қарсы шыққан. Бірақ кейінгі уақытта әр аймақтың әкімдіктері Ресейдің басқыншылығын сынайтын бейбіт митингілерге рұқсат бермей келеді.