Алматыда TikTok желісіндегі тікелей эфирде балағат сөз айтқан екі қыз бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Полиция мәліметінше, олардың жасы 19 және 21-де.
Оқиға қалай болған?
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, видео қаладағы автобазарлардың бірінде түсірілген.
Жазба әлеуметтік желіге тарағаннан кейін полиция қыздардың жеке басын анықтап, жиналған материалдарды сотқа жолдаған.
Сот шешімімен екі қыздың әрқайсысы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
- Қоғамдық ортада, оның ішінде әлеуметтік желілер мен тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзған адам жауапкершіліктен босатылмайды, - деп мәлімдеді полиция.
Әлеуметтік желідегі әрекет үшін де жауапкершілік көзделген
Полиция тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіпті бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды.
Бұған дейін осыған ұқсас жағдай Шымкентте болған. Онда TikTok-тағы тікелей эфир кезінде балағат сөз айтып, полиция мәліметінше, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған төрт блогер жауапқа тартылған.