×
$
439.37
€
498.6
₽
5.22
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
439.37
€
498.6
₽
5.22

Ұшқыштар кабинада төбелескен: Flydubai рейсіндегі оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Бүгін, 16:35
Ұшқыштар кабинада төбелескен: Flydubai рейсіндегі оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Ulysmedia коллажы

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағы шұғыл қонғаннан кейін оқиғаға қатысты бірнеше болжам айтылды. Ұшақ бортында ұшқыштар арасында төбелес болғаны ресми түрде расталды. Ал Израиль БАҚ-тары оқиғаның бұдан да ауыр болуы мүмкін екенін жазып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

FZ1073 рейсі Дубайдан Тель-Авивке ұшып шыққан. Иордания аумағының үстімен ұшып бара жатқан кезде әуе кемесі бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясы бағытына бет алған.

Flightradar24 мәліметінше, экипаж әуелі жалпы апаттық жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін бортқа заңсыз араласу болуы мүмкін екенін білдіретін 7500 кодын берген. Артынша Boeing 737 қайтадан апат сигналын жіберіп, Табук әуежайына аман-есен қонған.

Израиль шенеунігі Reuters агенттігіне оқиғаға ұшқыштар арасындағы төбелес себеп болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл ұшақты басып алу әрекеті емес.

Ұшқыштар Ресей мен Украина азаматтары болған ба?

Израильдің Channel 12 телеарнасының мәліметінше, кабинада Ресей мен Украина азаматтары болған. Израильдік журналист Амит Сегаль ұшқыштардың бірі ұшақты әдейі төмен қарай бағыттаған болуы мүмкін деген нұсқа тексеріліп жатқанын хабарлады.

Оның айтуынша, екінші ұшқыш араласып, басқару тетігін әріптесінен қайтару үшін онымен күрескен.

Channel 14 телеарнасы лайнердің 30 мың футтан астам биіктіктен күрт төмендей бастағанын жазды. Мәлімет бойынша, төмендеу жылдамдығы минутына 31 мың футқа дейін жетіп, ұшақтың жылдамдығы сағатына 930 шақырымнан асқан. Телеарна нұсқасына сәйкес, екінші ұшқыш ұшақты шамамен 15 мың фут биіктікте қайта тұрақтандырған.

Бұл ақпарат әзірше ресми түрде расталған жоқ.

Алайда кейін Израильдің Walla басылымы Flydubai ұшағының экипажына қатысты ақпаратты нақтылады. БАҚ мәліметінше, жанжалға бұған дейін айтылғандай Ресей мен Украина азаматтары емес, Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматы болған ұшақ командирі мен Оман азаматы болған екінші ұшқыш қатысқан.

Оқиға кезінде бортта тағы бірнеше ұшқыш болған. Олар қарапайым жолаушы ретінде ұшып бара жатқан. Walla мәліметінше, дәл солар жанжалға араласып, ұшақты басқаруды қайтарып алуға және оның бағытын тұрақтандыруға көмектескен.

Сонымен қатар Walla жанжал кезінде жарақат алған ұшқыштың пышақ жарақатынан қаза болғанын хабарлады. Әзірше бұл ақпаратты Flydubai немесе билік өкілдері ресми түрде растаған жоқ.

Сондай-ақ Израиль билігі әуе кемесінде теракт болуы мүмкін деген нұсқаны қарастырғаны туралы ақпарат тарады.

Жолаушы кабинадағы қан туралы айтты

Ұшақтағы жолаушылардың бірі Израиль телеарнасына ұшу кезінде адамдардың айқайлаған дауыстарды естігенін айтты.

Оның сөзінше, кабина есігі ашылғаннан кейін олар қан көрген. Ұшқыштардың бірі жиналмалы пышақтан жараланған. Жолаушының айтуынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері жанжалды тоқтатуға көмектескен.

Израиль премьер-министрінің кеңсесі бұл оқиғаны ұшақты басып алу әрекеті деп санамайтынын мәлімдеді.

Flydubai компаниясы рейс кезінде «оқиға» болғанын ғана хабарлады. Осыдан кейін ұшақ Табук әуежайына бағытталған. Барлық жолаушы аман-есен қонып, қауіпсіз жерде екені айтылды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху оқиғадан кейін шұғыл кеңес өткізді. Оның кеңсесі жағдай бақылауда екенін және билік Израиль азаматтарын елге қайтару мәселесімен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

Израиль мен Сауд Арабиясының ресми дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ.