Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Магнум, Смол, Анвар сынды ірі сауда желілеріне алдағы уақытта субсидия берілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еске сала кетсек, Қазақстанда қымбатшылықпенк күресу үішін 2019 жылдан бастап «айналым схемасы» енгізілген еді. Серік Жұманғариннің алдында Сауда және интеграция министрлігін басқарған Бақыт Сұлтанов бұл механизмді Астана әкімі болып тұрған кезінде қолданған, онысы сәтті болғанын да айтқан. Схемаға сәйкес, сауда желілері мен азық-түлік өндірушілер аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен арнайы келісімшарт жасасып, жылдық 0,01% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алады. Сауда желілері айналым қаражат алып, әлеуметтік маңызы бар тауар түрлерін сатып алады. Ізінше азық-түліктің сол 19 түрін билікпен бекіткен баға бойынша сатуға міндеттеледі.
Осы схемаға дегенмен сын көп айтылған. Парламент төрінен де. Былтыр тіпті президент «үкімет айналым схемасы бойынша қаражатты 100 млрд теңгеге дейін арттыруды сұрайды, бұл өз-өзі ақтай ма өзі?» деп сұраған еді. Депутат болған Аманжан Жамалов айналым схемасына қарамастан былтыр азық-түлік бағасы қымбаттап бара жатқанын ашық сынаған еді.
Осы схеманы үкімет жалғастыра ма? Бұл сұрақты Ulysmedia.kz тілшісі Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге қойған.
«Әлемдік тәжірибе бойынша сауда желілері дамыған мемлекеттердің ішкі жалпы өнімі жоғары. Екіншіден, орталықтандырылған сауда-саттық дамыған. Біз де қазір сауда желілерінің үлесін бүкіл саудада тек – 35 пайыз. Біз 70 пайызға дейін көтереміз деп отырмыз. Сол себепті қазір біз сауда желілерімен нақты жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - дейді ол.
Жұманғариннің айтуынша, «Бизнестің жол картасына» ірі сауда желілеріне субсидия беру бастамасы енгізілген.
«Олар жаңа дүкендерді салса біз субсидия береміз. Ол – біздің оң қолымызбен берген пряник. «Дами беріңіздер, дүкендерді салыңыздар» деп отырмыз. Себебі қазір халық сауда желілерінде азық-түлік базардан қарағанда арзан екенін көріп отыр. Қазір көп адам Магнум немесе Смолға барады. Мен өзім Магнум, Смол, Анвар – басқаларының бәрінің басшыларымен сөйлестім. Олар дайын. Біз екінші жағынан «біздің саясатты қолдаңыздар» деп олардан сұраймыз. Олар біз қордан беріп жатқан азық-түлікті тұрақты бағамен сатады. Осындай байланыс болып жатыр», - дейді ол.
Журналистің «бұл амал-әдістеріңіз ұсақ бизнеске кедергі келтіріп, монополияны күшейтпей ме?» деген сұраққа Жұманғарин былайша жауап берді.
«Ұсақ бизнестің өз жолы бар. Сауда желілерінің өз саласы бар. Сол себепті біреуге қиындық көрсетіліп, залал келтіріледі деп есептемеймін», - дейді ол.