Астанада №99 мектептің директоры оқушылардың гардероб маңында бір уақытта көптеп жиналуына байланысты қызметінен босатылды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Әлеуметтік желілерде мектептегі оқушылардың гардероб маңында топ болып жиналған сәті түсірілген видео тараған. Кадрларда балалардың сырт киімдерін алу үшін гардеробқа келгені көрінеді.
Әкімдік не дейді?
Астана әкімдігінің мәліметінше, жағдайға сабақ кестесінің дұрыс үйлестірілмеуі себеп болған. Екінші ауысымда оқитын жеті сыныптың оқушылары сабақ аяқталғаннан кейін бір уақытта мектептен шыққан.
– Салдарынан сырт киім сақталатын жерде оқушылар қысқа уақытқа жиналып қалды, – деп хабарлады әкімдік баспасөз қызметі.
Оқиғаға байланысты мектеп директоры қызметінен босатылған.
Қазір мектепте гардероб аумағындағы қызметкерлердің кезекшілігі мен бақылауы күшейтілді. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылданды.