Астананың кейбір тұрғындары алдағы күндері 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін біржолғы әлеуметтік көмек алады. Ақша автоматты түрде аударылады, өтініш берудің қажеті жоқ. Төлем биыл 11 қазанда атап өтілетін Мүгедектігі бар адамдар күніне орай беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кім қанша теңге алады?
Төлем мөлшері мүгедектік тобына байланысты белгіленген:
I топ – 86 500 теңге (20 АЕК);
II топ – 43 250 теңге (10 АЕК);
18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 43 250 теңге (10 АЕК);
III топ – 21 625 теңге (5 АЕК).
Төлем алушылар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының деректері негізінде автоматты түрде анықталады.
Кімдер төлем алмайды?
Біржолғы әлеуметтік көмекке 2026 жылы басқа негіз бойынша әлі ие болмаған азаматтар ғана үміткер бола алады.
– Біржолғы әлеуметтік көмек күнтізбелік жыл ішінде тек бір негіз бойынша бір рет тағайындалады. Егер адам мұндай көмекті алып қойған болса, Мүгедектігі бар адамдар күніне орай қайта төлем жасалмайды, – деп түсіндірді әкімдік.
Жақында Астанаға көшіп келген тұрғындарға ісінің жаңа тұрғылықты жері бойынша жіберілгенін тексеру ұсынылады. Әйтпесе, төлем түспей қалуы мүмкін.