×
$
448.94
€
502.05
₽
5.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.94
€
502.05
₽
5.26

Қазақстан шекарасына жақын Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады

Бүгін, 17:40
Қазақстан шекарасына жақын Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады
Exilenova+ / Telegram

Қазақстан шекарасына жақын орналасқан Ресейдің Омбы қаласында ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады. Шабуылдан кейін өрт шыққаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұнай өңдеу зауытында өрт шықты

Шабуыл 8 қазанда болған. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, сол күні Омбыда күндіз дрон қаупі жарияланып, қаланың әртүрлі бөлігінде сирена дауысы естілген.

Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко дрондардың бірі қаланың солтүстік өнеркәсіптік аймағына жеткенін растады.

Украинаның Exilenova+ мониторинг арнасы Омбы мұнай өңдеу зауытына соққы жасалғанын хабарлады. Бұл ақпаратты ресейлік тәуелсіз Astra басылымы да зерттеген. Басылым мамандары жарияланған фотосуреттердің түсірілген жерін анықтаған. Олардың мәліметінше, дрондар мұнай өңдеу зауытының аумағына соққы бергеннен кейін өрт шыққан.

Шабуыл туралы хабарлардан кейін Омбыдағы кейбір жанармай құю бекеттерінде кезек пайда болған. Жергілікті билік тұрғындарды сабыр сақтауға үндеді.

Кейін Украина Қарулы күштерінің бас штабы Омбы мұнай өңдеу зауытына соққы жасалғанын растады. Украина президенті Владимир Зеленский де кәсіпорынның зақымданғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, шабуыл кезінде FP-1 дронының жетілдірілген нұсқасы — FP-6 ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған.

— Біз Ресейдің Украинаға жасаған соққыларына жауап беруді жалғастырып жатырмыз және дәл нысанаға тигіземіз, — деді Зеленский.

Зауыт бұған дейін де шабуылға ұшыраған

Омбы мұнай өңдеу зауыты «Газпром нефть» компаниясына тиесілі. Өңдеу көлемі бойынша ол Ресейдегі ең ірі мұнай өңдеу кәсіпорны саналады.

2025 жылы зауытта 22 миллион тоннадан астам мұнай өңделген. Бұл Ресейдегі жалпы мұнай өңдеу көлемінің шамамен оннан бір бөлігіне тең. Кәсіпорын Украина шекарасынан шамамен 2,5 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Алайда мұндай қашықтық оны шабуылдардан қорғай алмады. 2026 жылғы шілдеде дрондар соққысынан зақымданғаннан кейін зауыт жұмысын уақытша тоқтатқан еді.

Қазіргі шабуыл Украина тарапынан Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасалып жатқан соққылар жалғасып жатқан тұста болды.

Зеленский сондай-ақ Украина шекарасынан шамамен 1,9 мың шақырым қашықтықта орналасқан Ухта қаласындағы мұнай өңдеу зауытына да соққы жасалғанын хабарлады.

Омбы облысы Қазақстанның екі өңірімен — Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарымен тікелей шектеседі.