Астанадағы Қазақ ұлттық спорт университеті (KNUS) мемлекет қаржысына салынған ғимаратта жұмыс істейді. Алайда оқу орнының 95 пайызы жеке меншікке тиесілі. Университеттің құрылтайшысы әрі Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Нұрасыл Медеу ғимаратты күтіп ұстауға кім қаржы бөлетінін және мемлекеттің университеттегі үлесі қанша екенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұрасыл Медеу Qazsport телеарнасына берген сұхбатында университет мемлекеттік ғимаратты қандай шартпен пайдаланып отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, ғимарат KNUS-қа сенімгерлік басқаруға берілген. Яғни университет оны өз қызметіне пайдалана алады, бірақ ғимарат мемлекет меншігінде қала береді.
«Бұл – бюджет қаржысына салынған мемлекеттік ғимарат. Біз тек оны басқарушы тараппыз. KNUS заңды тұлғасы ғимаратты сенімгерлік басқару шарты негізінде пайдаланып отыр. Осы нысанды басқаруға қатысты белгілі бір міндеттемелерді мойнымызға алдық. Мұндағы барлық құрал-жабдық KNUS-тың, яғни жеке қаражат есебінен сатып алынған. Қызметкерлерді жұмысқа алу, команда жасақтау, ғимаратты басқару және күтіп ұстау да біздің міндетіміз. Бір-екі жылдан кейін ғимараттың тозып, қирап қалмауына жауаптымыз. Мұның бәрі біздің мойнымызда», – деді Медеу.
Нұрасыл Медеу KNUS-тың меншік құрылымына да тоқталды. Оның сөзінше, университеттің небәрі 5 пайызы мемлекетке тиесілі. Бұл үлес Туризм және спорт министрлігіне қарасты «Қазспортинвест» компаниясы арқылы мемлекетке өтеусіз берілген.
«Университеттің 5 пайыз үлесі сыйға тарту шарты негізінде мемлекетке берілді. Яғни мемлекет оны тегін алды. Шын мәнінде, бұл үлесті сатуға да болар еді. Бірақ біз одан еш мән көрмедік. Қазір университеттің меншік иелері қатарында мемлекеттік құрылым болғандықтан, біз есеп беруге міндеттіміз. Бұл жұмысымыздың ашық болуына мүмкіндік береді. Өйткені олар мұнда не істеп жатқанымызды, қалай жұмыс жүргізіп отырғанымызды тексере алады. Барлық жауапкершілікті өз мойнымызға алғанымызбен, мемлекет бәрін көріп, қадағалап, бақылап отырады», – деп түсіндірді университет құрылтайшысы.
Медеудің пікірінше, мұндай жүйе жекеменшік университетке білім беру ісін дербес жүргізуге мүмкіндік береді. Ал мемлекет оқу орнының жұмысын бақылап отыра алады.
Университеттің тарихы 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының құрылуынан басталады. Кейін оқу орны Қазақ ұлттық спорт университеті болып өзгертілді. Мұнда жаттықтырушылар, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, спорт менеджерлері, сондай-ақ спорт медицинасы мен оңалту саласының мамандары даярланады.
2026 жылдың шілдесінде Астанада KNUS-тың жаңа кампусы ашылды. Оқу ордасына премьер-министр Олжас Бектенов арнайы барды. Сол кезде Үкімет бұл нысан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынғанын хабарлаған еді.

Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу бүгінде оның Қамқоршылық кеңесін басқарады. Ол - депутат Дана Медеуованың ұлы.