×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Мәди Атамқұлов Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болып тағайындалды

Бүгін, 16:50
Мәди Атамқұлов Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болып тағайындалды
Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Сербиядағы бұрынғы елшісі Мәди Атамқұлов Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

51 жастағы дипломат 2026 жылғы шілдеде Қазақстанның Сербиядағы елшісі қызметінен кеткен. Бұл лауазымды бес жыл атқарған ол араға үш ай салып, Сыртқы істер министрлігі жүйесіне қайта оралды.

Екі президент тұсында Ақордада қызмет атқарған

Мәди Атамқұлов Алматы облысының Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімі бойынша инженер-металлург. Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін бітірген. Кейін президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.

Дипломатиялық қызметке дейін жеке секторда жұмыс істеген. Кейін Сыртқы істер министрлігіне ауысып, мемлекеттік хаттама мәселелерімен айналысқан.

2015 жылғы қазанда Мәди Атамқұлов Қазақстан президентінің хаттама қызметінің бастығы болып тағайындалды. Бұл қызметті алты жылға жуық атқарды. Ол Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттігі кезінде де осы лауазымда жұмыс істеді.

2021 жылғы шілдеде Қазақстанның Сербиядағы елшісі болып тағайындалды. Ал 2026 жылғы 10 шілдеде бұл қызметтен босатылды.

Екі ағайынды – дипломатия саласында

Жаңа кеңесшінің ағасы Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның саяси ортасында жақсы танымал. Ол Оңтүстік Қазақстан облысын, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін, Сыртқы істер министрлігін, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін басқарған.

2022 жылдан бастап Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметін атқарды. 2026 жылғы шілдеде ол да қызметінен босатылды. Оның орнына Ташкенттегі дипломатиялық миссияның басшысы болып бұрынғы вице-премьер Ералы Тоғжанов тағайындалды.