×
$
451.31
€
504.56
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.31
€
504.56
₽
5.36

Яндекс істемей қалған кезде такси бағасын күрт өсіргені үшін inDrive-қа ескерту жасалды

Бүгін, 11:09
Яндекс істемей қалған кезде такси бағасын күрт өсіргені үшін inDrive-қа ескерту жасалды
Ulysmedia коллажы

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс Go сервисіндегі ақаудан кейін жол жүру құнының күрт өсуіне қатысты шағымдардан соң inDrive қызметіне ескерту жолдады. Кейбір жағдайда такси бағасы үш есеге жуық көтерілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Такси бағасы өсті

11 қазанда Яндекс Go уақытша істемей қалған кезде inDrive қызметіне сұраныс күрт өсті. Жолаушылар жүргізушілердің әдеттегіден әлдеқайда жоғары баға сұрағанына шағымданды.

— Яндексте 3 500 теңге тұратын жолға жүргізушілер 5 000 теңгеден бастап сұрады, бірақ өздері inDrive комиссиясы небәрі 1% екенін айтады, — деп жазды қолданушылардың бірі.

Басқа қолданушылар бағаның өсуіне бос көліктердің жетіспеуі себеп болғанын айтып, сервистен жол жүру құнын бақылауды күшейтуді талап етті.

inDrive компаниясы жолаушылар мен жүргізушілер арасындағы саудаласу бағасының шекті аралығын шектегенін мәлімдеді. Бұл сервисте жол жүру құнын жолаушы мен жүргізуші өзара келісіп белгілейді.

БҚДА сервиске ескерту жасады

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарлауынша, ескерту алдын алу сипатында жасалған. Оның мақсаты — монополияға қарсы заңнаманың ықтимал бұзылуының алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адал бәсекелестікті қамтамасыз ету.

Еске салайық, 11 қазанда Ресейдегі Яндекс деректер орталықтарына жасалған дрон шабуылдарынан кейін Қазақстанда және басқа елдерде Яндекс Go мен жеткізу қызметтерінің жұмысында ақаулар туындады. Қосымша қолжетімсіз болған соң, балама такси қызметтеріне түсетін жүктеме күрт артты.