Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғысқа тап болған азаматтарды елге қайтару мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда бұл процесс түрлі қиындықтарға байланысты созылып отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Әшікбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Оның айтуынша, азаматтарды елге қайтару мәселесі Ресейдің заңдық құзыретінде байланысты қиын болып отыр. Сонымен қатар азаматтардың қол қойған құжаттары да ескерілуі керек.
– Бұл басқа заңдық құзырет. Қол қойылған құжаттар бар. Сондықтан түсіністікпен қарауыңызды сұраймын. Қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, – деді Ержан Әшікбаев.
Министрдің бірінші орынбасары азаматтардың өздері қол қойған құжаттармен алдын ала танысуы керек екенін атап өтті. Оның сөзінше, әр адам өз әрекетіне жауапты болуға тиіс.
Сонымен қатар ол кейбір азаматтардың алдау немесе арбау арқылы осындай жағдайға тап болғанын жоққа шығармайтынын айтты. Қазір әрбір жағдай жеке қарастырылып, қазақстандықтардың Ресейде соғысқа қалай тартылғаны анықталып жатыр.
– Ел ішінде құқықтық сауаттылық бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қалай ғана қол қоюға болады? Әрине, адамдардың мұндай жағдайға арбау арқылы түскенін жоққа шығармаймыз. Қазір әр жағдай бойынша жеке-жеке, олардың қалай онда тап болғанын анықтап жатырмыз, – деді ол.
Контекст
Еске салайық, 7 қазанда Ресейге жұмыс істеуге барған, бірақ кейін Украинадағы соғысқа тартылған қазақстандықтардың аналары мен туыстары Астанаға келді. Олар Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрады. Олармен Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов кездесті.
Кейінірек Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей армиясының құрамында жүрген 14 қазақстандықты Қазақстан елшілігіне жеткізетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.