Каспийде 14 әскери қызметшінің қаза тапқанына үш аптаға жуық уақыт өтті. Алайда тергеудің түпкілікті қорытындысы әлі жарияланған жоқ. Қорғаныс министрлігін ауқымды тексеру де аяқталған жоқ. Құрылтай отырысы алдында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тексерулердің қай кезеңде екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Тергеу әлі жалғасып жатыр
Журналистер Қанат Бозымбаевтан Каспийдегі қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан мемлекеттік комиссияның қорытындысы шыққан-шықпағанын сұрады. Вице-премьер әзірше түпкілікті нәтиже жоқ екенін айтты.
– Қорытындысы әлі жоқ. Өйткені тергеу жұмыстары жүргізіліп, құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Қорғаныс министрлігінде де тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналарына қажетті көмектің бәрі көрсетілді, – деді Бозымбаев.
Аудиторлар да үнсіз
Қайғылы оқиғаны тергеумен қатар Қазақстанда Қорғаныс министрлігінің өзі де тексеріліп жатыр. Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) ауқымды жоспардан тыс аудит жүргізуде. Журналистер палата төрағасы Әлихан Смайыловтан тексерудің барысын және жаңа заңбұзушылықтардың анықталған-анықталмағанын сұрады.
– Өз кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта ештеңе айта алмаймыз, неге десеңіз, аудит жұмыстары жүргізілу барысында. Сосын сіздерге ақпаратты береміз, – деп жауап берді ол.
Бұған дейін аудиторлар 50 нысанды, соның ішінде 48 әскери бөлімді тексеріп жатқаны хабарланған еді. Олар бюджет қаражатының қалай жұмсалатынын, сарбаздардың қандай заттармен қамтамасыз етілгенін, әскери техниканың жай-күйін және оқу-жаттығулардың қаншалықты қауіпсіз ұйымдастырылғанын тексеріп жатыр.
14 адам қаза тауып, бірқатар лауазымды тұлға қызметінен кетті
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен «Хазар қорғаны – 2026» әскери оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні Каспий теңізіне ағыс алып кеткен. Оның үшеуі ғана аман қалып, қалғандары қаза тапты.
Қайғылы оқиға армия басшылығына қатысты бірқатар маңызды сұрақ туғызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін ауқымды тексеруді тапсырды. Комиссияны Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева басқарды.
5 қазанда Ақорда тексерудің алғашқы нәтижелерін жариялады. Онда оқу-жаттығуға дайындық, тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде елеулі олқылықтарға жол берілгені анықталғаны айтылды.
Қайғылы оқиғадан кейін бірқатар жоғары лауазымды тұлға қызметінен кетті. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, Бас штабтың бастығы Қаныш Әбубәкіров, қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмақеев және Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков қызметінен айырылды. Соңғысы қызметке салғырт қарады деген күдікпен ұсталды.
Әскери қызметшілердің қаза табуына қатысты іс бойынша барлығы бес лауазымды тұлға қамауға алынды.
Бұдан бөлек, қорғаныс ведомствосын ауқымды тексеру нәтижесінде мемлекеттік мүлікті жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және басқа да заңбұзушылықтар фактілері бойынша тағы 13 қылмыстық іс қозғалды.