Құрылтайда төтенше жағдайлар министрі Қазақстандағы сейсмология саласын дамытуға қажетті қаражаттың небәрі 7 пайызы бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан аумағының жартысына жуығына қауіп төніп тұр ма?
Құрылтай депутаты Шерзод Полатовтың еске салуынша, Қазақстан аумағының шамамен 40 пайызы сейсмикалық қауіпті аймақтарда орналасқан. Ең жоғары қауіп елдің оңтүстік және шығыс өңірлерінде сақталып отыр.
Соған қарамастан, Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында сейсмологиялық мониторингке жыл сайын небәрі 1,1 млрд теңге бөлуді қарастырған.
– Бұл қаражат жеткілікті ме? – деп сұрады депутат Полатов төтенше жағдайлар министрінен.
Мұрат Мұханов үш жылға сейсмологиялық мониторингке барлығы 3,3 млрд теңге қарастырылғанын растады.
– Бұл қаражат 143 сейсмологиялық станцияны күтіп ұстауға арналған. Ал саланы дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында сейсмологиялық мониторингті күшейту үшін 76 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 2,4 млрд теңге бөлінді. Бұл – қажетті соманың шамамен 7 пайызы, – деді ол.
Министр сейсмологиялық зерттеулерді қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.