Қарашығанақ кен орнындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. 1 қазаннан бастап кен орнында мұнай өндіру тұрақты деңгейге шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Reuters агенттігінің мәліметінше, елдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының біріндегі жөндеу жұмыстары 7 қыркүйектен 1 қазанға дейін жүргізілген.
2025 жылы Қарашығанақта 12,13 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Бұл алдыңғы жылғы 12,2 млн тонна көрсеткіштен сәл төмен.
Қарашығанақ кен орнын Shell және Eni компанияларының әрқайсысы 29,25%, Chevron — 18%, «Лукойл» — 13,5% және «ҚазМұнайГаз» — 10% үлеске ие KPO халықаралық консорциумы игеріп жатыр.
Контекст
Бұған дейін сарапшылар жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстан 450 мың тоннаға дейін мұнай жоғалтуы мүмкін екенін болжаған еді. Сондай-ақ қыркүйекте Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай экспорты тәулігіне шамамен 1,5 млн баррельге дейін төмендеуі мүмкін деген болжам жасалған.
Бұған қоса, Теңіз кен орнында да өндіріс көлемі азайған. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бірнеше апатқа байланысты елдегі ең ірі кен орнындағы мұнай өндіру 14,7%-ға төмендеген.