Ресейлік рэпер Навай Бакиров, көпшілікке Navai лақап атымен танымал әртіс екі айға қамауға алынды. Бір күн бұрын ол Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында ұсталған. Өзі отырған көліктен есірткі табылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қырғызстанда тексеру басталды
Қырғызстанның Шекара қызметі есірткі салынған көліктің «Ақ-Жол – автожол» өткізу пунктінен қалай өткенін анықтап жатыр. Ведомство қызметтік тексеру бастаған. Егер өткізу пункті қызметкерлерінің заңбұзушылыққа жол бергені анықталса, олар жауапқа тартылуы мүмкін.
Концерті өтпей қалды
Еске салайық, 14 қазанда Navai Жамбыл облысындағы «Қордай» өткізу пунктінде ұсталды. Ол Қырғызстаннан Қазақстанға кіріп келе жатқан. Көлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері мен шекарашылар есірткі затын тапқан.
Әртіске есірткі контрабандасына оқталды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды.
Сол күні рэпер Астанада концерт беруі керек болған. Алайда ұйымдастырушылар техникалық себептерге байланысты концерттің өтпейтінін хабарлады.
Ұсталуынан екі күн бұрын, 12 қазанда, Navai Бішкекте өнер көрсеткен.