×
$
450.62
€
504.2
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.62
€
504.2
₽
5.36

РФММ-дағы жаппай улану: зардап шеккен оқушылар саны 55-ке жетті

Бүгін, 18:05
РФММ-дағы жаппай улану: зардап шеккен оқушылар саны 55-ке жетті
Ulysmedia коллажы

Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 55 оқушысы ауруханаға түсті. Олардың барлығында жіті ішек инфекциясының белгілері анықталған. Балалардың жаппай сырқаттануына қатысты жаңа мәліметті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқушылар 12-15 қазан аралығында қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Қазір 55 баланың барлығы дәрігерлердің бақылауында. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулығы нашарлаған жоқ.

– Барлық балаға қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Оларды емдеуге барлық жағдай жасалған. Науқастар медицина мамандарының тұрақты бақылауында. Жансақтау шараларын қажет еткен жағдайлар тіркелген жоқ, – деп хабарлады Алматы денсаулық сақтау басқармасы.

Заңбұзушылықтар анықталды, себебі әлі белгісіз

Еске салайық, РФММ оқушылары жаппай сырқаттанғаннан кейін санитариялық дәрігерлер мектеп асханасын тексерді. Тамақтандыруға «Master Food» ЖШС жауапты болған.

Тексеру барысында азық-түлікті сақтау және тамақ дайындау кезінде заңбұзушылықтар анықталды. Сүт өнімдерінің бір бөлігінде қажетті құжаттар болмаған. Оларды алып қою туралы шешім қабылданды.

Алайда мамандар әзірше оқушылардың сырқаттануына нақты не себеп болғанын анықтаған жоқ. Зертханалық талдау үшін азық-түлік пен судан сынамалар, сондай-ақ түрлі беттерден шайындылар алынды. Асхана қызметкерлері де тексеріліп жатыр.

Оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеуді Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр.

Жаппай сырқаттанудың себебі анықталғанша, РФММ оқушылары қашықтан оқыту форматына көшірілді. Мектепте Оқу-ағарту министрлігі мен басқа да ведомстволардың өкілдері кірген арнайы топ жұмыс істеп жатыр.