Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен оның видеоператоры Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы басталды. Сот залындағы процесті журналистерге көрсетуге арналған трансляция 20 минутқа жуық уақыт істемей тұрды. Отырыста судьяға қарсылық білдірілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Бүгін, 2026 жылғы 16 қазанда Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында сағат 10:00-де басталды. Журналистер процесті арнайы бөлінген залдан бақылап отырды. Алайда сот басталған сәтте БАҚ өкілдеріне арналған трансляция істемей қалды. Журналистер бұл жағдайға шағымданғаннан кейін ғана техникалық ақау жойылып, трансляция қайта іске қосылды.

Сот отырысында Мадияр Қалменовтің екінші адвокатын процеске онлайн қатыстыру мәселесі де көтерілді. Судья Жанат Әбенова бұған рұқсат бермеген соң, Қалменов судьяға сенімсіздік білдіріп, өз құқығы шектеліп жатқанын айтты. Қалменовтың сот залындағы адвокаты оған қарсылық білдірді. Осыған байланысты сот отырысы уақытша тоқтатылды.

Бұған дейін Санжар Боқаевтың адвокаты Алма Мусина қылмыстық істі прокуратураға қайтаруды сұрады. Сонцмен қатар, адвокаттар тергеу барысында көптеген заңбұзушылыққа жол берілгенін мәлімдеді.
Іс туралы
Бұл іс бойынша үш жәбірленуші бар, Мұхтар Амерханов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ және «Павлодар өзен порты» АҚ.
Еске салайық, соттың алғашқы отырысы бастапқыда 28 қыркүйекке белгіленген еді. Алайда айыпталушылардың Алматыдан Астанаға этапталуына байланысты процесс кейінге шегерілді. Адвокаттар сот отырысының кейінге қалдырылғаны туралы алдын ала хабардар етілмегенін мәлімдеген.

Қандай айып тағылып отыр?
Санжар Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожадан бөлек, іс бойынша қоғам белсендісінің жиені Мадияр Қалменов те айыпталып отыр.
Айыптау тарапы оларға аса ірі мөлшердегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып таққан.
Санжар Боқаев 18 наурызда ұсталды. Бас прокуратураның мәліметінше, қоғам белсендісі заңсыз ағаш кесу мен құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауды ұйымдастырып, бұл әрекеттерге табысы төмен адамдарды тартқан. Тергеу нұсқасы бойынша, осы әрекеттер түсірілген бейнежазбалар кейін әлеуметтік желілерде жарияланып, мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты теріс қоғамдық пікір қалыптастыру үшін пайдаланылған.
Қоғам белсендісімен бірге оның видеографы Ұлан Нүсіпқожа да қамауға алынды. Ол әлеуметтік желілерге арналған бейнероликтерді түсіріп, монтаждаумен айналысқан. Жұбайының айтуынша, маусым айында жүргізілген медициналық тексеру Нүсіпқожаның бауыры зақымданғанын, жүдеу мен анемия белгілері бар екенін көрсеткен. Сондай-ақ оның онкологиялық ауруға шалдығу қаупі болуы мүмкін екені айтылған. Соған қарамастан, видеоператор тергеу изоляторында ұсталып отыр.