×
$
454.14
€
509.23
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.14
€
509.23
₽
5.41

Украинадағы соғыс аймағынан жеті қазақстандық шығарылды – адвокат

Бүгін, 14:14
Украинадағы соғыс аймағынан жеті қазақстандық шығарылды – адвокат
Ulysmedia коллажы

Украинадағы соғысқа тап болған жеті қазақстандық Ресейдің Воронеж қаласына жеткізілді. Бұл туралы ер азаматтардың елге оралуына көмектесіп жүрген заңгер Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Елге оралуға үміт бар

– Алла қалап, балалардың қазіргі таңда жетеуі соғыс шебінен алдырылып, Воронежге жеткізілді. Алла қаласа, елге келер күн де алыс емес сияқты, – деп жазды заңгер.

Адвокат Ulysmedia.kz тілшісімен әңгімесінде тоғыз қазақстандық туралы сөз болып отырғанын нақтылады. Олардың елге қашан оралатыны әзірше белгісіз.

Шекеевтің айтуынша, қазақстандық дипломаттар келіссөздерді жалғастырып жатыр. Адвокат ер азаматтардың туыстарымен де байланыста. Заңгер Сыртқы істер министрлігінің жұмысына оң баға беріп, ведомствоның бұл мәселеге көп күш жұмсап жатқанын атап өтті.

Туыстары көмек сұраған

Еске салайық, 7 қазанда Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтардың аналары мен туыстары Астанаға келді. Олар Ресейге жұмыс істеуге кеткенімен, кейін соғысқа тартылған ер азаматтарды елге қайтаруға көмек сұрап, Сыртқы істер министрлігіне жүгінген.

Бұған дейін қазақстандық жігіттер бірнеше бейнеүндеу жариялаған. Олардың айтуынша, Ресейге күзет агенттіктеріне, ет комбинаттары мен құс фабрикаларына жұмыс істеуге барған. Алайда әдеттегі еңбек шарттарының орнына оларға басқа құжаттарға қол қойдырып, кейін келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге айналғаны айтылған.

Бастапқыда бірге жүрген қазақстандықтардың саны 15 болған. Кейін жігіттер олардың тоғыз-оны қалғанын, өзгелерін соғыс аймағына жібергенін хабарлады.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұған дейін Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатқанын және елге қайтаруды қажет ететін азаматтардың тізімін жасақтап жатқанын мәлімдеген.