×
$
454.14
€
509.23
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
454.14
€
509.23
₽
5.41

"Үш адам тірідей жанып кетті": Ақтөбеде газ құю бекетіндегі жарылыстан кейін экс-прокурор сотталды

Бүгін, 17:10
"Үш адам тірідей жанып кетті": Ақтөбеде газ құю бекетіндегі жарылыстан кейін экс-прокурор сотталды
Ulysmedia коллажы

Ақтөбеде үш адамның өмірін қиған газ құю бекетіндегі жарылысқа қатысты сот үкімі шықты. Қауіпсіздік талаптарын бұзды деп танылған бекет иесі, бұрынғы прокурор Ақылбек Нұрғалиев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қайғылы оқиғадан әйелі мен екі қызынан айырылған жәбірленуші сотта айыпталушыға кешірім берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Ақтөбе қалалық соты қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іске үкім оқыды. Газ бекетінің иесі, экс-прокурор Ақылбек Нұрғалиев ҚК-тің 281-бабы - “Жарылыс қаупi бар объектiлерде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” бабымен кінәлі деп танылды. 

Нұрғалиев төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Және үш жыл мерзімге жарылыс қаупі бар объектілерде басшылық лауазымдарды атқара алмайды.

Сот мәліметінше, айыпталушы кінәсін ішінара мойындаған. Алайда тағылған айыппен толық келіспей, оқиғаға жәбірленушінің де кінәсі бар екенін алға тартқан.

– Кінәңізді ішінара мойындайсыз, яғни тағылған айыпты толықтай мойындамайсыз. Шын ниетпен өкіну жоқ деп есептейді сот. Жаза әділетті болуы керек. Автогаз стансасын іс жүзінде өзіңіз басқарғансыз. Сол кезде бір күнге жұмысшы болмаған кезде ешқандай тиісті түрде рәсімдемей, нұсқаулық жүргізбей куәні жұмысқа қабылдағансыз. Сол куә жұмыс істеген уақытта көлік құралы ішінде адамдарды түсірмей газ құюға жіберілген, – деді судья.

Сотталушы Ақылбек Нұрғалиев 57 жаста. 23 жыл мемлекеттік қызметте, оның 13 жылында басшылық қызмет атқарған. Ұзақ уақыт прокурор болды. Кейінгі 9 жылда жеке кәсіппен айналысады. 

Айта кетейік, қайғылы оқиға 2026 жылы 19 маусымда болды. Газ бекетінде жарылыстан үш адам мерт болды. Бір адам ауруханаға түсті. Оқиғадан аман қалған  жәбірленуші жауап алу кезінде 5 және 10 жастағы қыздары мен әйеліне құлыптасын қойғанын айтып жылаған еді.

– Үш адамнан айрылдым. Болар іс болды. Жерледім. Құлыптасын қойдым.  Қас қағым сәтте өрт шықты. Ағам іште адам бар деп айтты. Бірақ оның ішінде екі қызым, әйелім бар деп ойлаған жоқпын. Оларды дәретханада деп ойладым. Ағам келін бала мен екі қыз іште қалып кетті дегенде істерімді білмей қалдым. Өрт сөндіру баллонын қолыма ұстағанда шланг жоқ, іші де бос тұр. Сол жерде айқайладым. Әрі қарай есімді білмеймін. Олар енді қайтып келмейді, – Жәнібек Исмағұлов. 

Жәнібек Исмағұлов – бес баланың әкесі. Оның үш ұлы мен екі қызы болған. Қайғылы оқиғадан кейін 44 жастағы әйелі мен екі қызы көз жұмды. Ер адам сотта 5 және 10 жастағы қыздары мен әйелінің жүз күндік садақасын өткізгенін айтты.

Ардақ Ерубаева