Қазақстанда бала күтіміне байланысты демалысқа қатысты тәртіп өзгереді. 2027 жылғы қаңтардан бастап бала күтіміне берілетін жәрдемақыны тек анасы рәсімдей алады. Бұл әкелерді кемсіту болып саналмай ма? Бұл сұраққа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Алмас Құрманов жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Қазақстанда ер адамдар енді бала 1,5 жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты ақылы демалысқа шыға алмайтынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ-де мәлімдеген еді. Оның түсіндіруінше, төлемнің атауы өзгерген, енді ол әкелерге тағайындалмайды. Мұндай шешім ана мен баланы қолдау мақсатында қабылданған.
– Бұл, түптеп келгенде, ананың өзі қалпына келіп, сәбиімен бірге уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін жәрдемақы ғой, – деп түсіндірді министр.
Дегенмен кейбір әкелер бұл норманы әділетсіз деп санауы мүмкін. Ал енді біреулері бала тәрбиесіне толықтай көңіл бөлуге заңды құқығы болмағандықтан, балаларынан алыстауы ықтимал.
– Меніңше, мұның ешқандай жаман тұсы жоқ. Жаңа жылдан бастап әйел бала күтіміне байланысты жәрдемақы алып, сонымен қатар жұмысқа да шыға алады. Ер адам да бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады, бұл уақытта еңбек заңнамасына сәйкес оның жұмыс орны сақталады. Яғни, ол өз құқығын пайдаланып, бала күтімімен айналыса алады, бірақ төлем әйелге беріледі, – дейді Алмас Құрманов.