Астанада бейтаныс әйелді аңдыған ер адам 10 тәулікке қамалды. Ол әйелдің соңынан қалмай, қоғамдық көлік аялдамасынан жұмыс орнына дейін еріп, телефон нөмірін беруді қайта-қайта талап еткен. Сондай-ақ, әдепсіз әрекеттер жасаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиға 12 қазанда таңғы сағат 08:10 шамасында болған. Ішімдік ішкен ер адам көшеде бейтаныс әйелді байқап, соңынан аңди бастаған.
Ол әйелді жұмыс орнына дейін мазалап, телефон нөмірін беруді талап еткен. Мұнымен қоймай, әдепсіз әрекеттерге барған.
Бұған дейін жәбірленуші полиция қызметкерінің арызын қабылдаудан бас тартқанын айтқан еді.
– Мен бұл видеодан ешқандай ерсі әрекет көріп тұрған жоқпын. Ол сізге тағы бірдеңе істейді деп ойламаймын, – деп келтірді әйел полиция қызметкерінің сөзін.
Әйелдің айтуынша, полиция қызметкері адам өлтіру ойы болмаса, олардың соңынан аңдуға ешқандай тыйым жоқ екенін де айтқан. Алайда оқиға әлеуметтік желіде қоғам наразылығын тудырғаннан кейін ер адам ұсталды.
Алайда оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан кейін ер адам ұсталды.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындады. Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды.
Шешім шығару кезінде ер адамның мас күйде болғаны, әйелді ұзақ уақыт аңдығаны және оның жеке басына қол сұққаны ескерілді.
16 қазанда сот оған осы бап бойынша көзделген ең жоғары әкімшілік жаза – 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.