×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

Тоқаев Астанада Камбоджаның премьер-министрімен кездесті

Бүгін, 13:13
Тоқаев Астанада Камбоджаның премьер-министрімен кездесті
Ақорда

Ақордада елімізге ресми сапармен келген Камбоджа Корольдігінің премьер-министрі Хун Манетті қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі. 

Мән-жай

Салтанатты іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын шырқады.

Қазақстан мен Камбоджаны не байланыстырады?

2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Камбоджа арасындағы тауар айналымы 29,4 миллион долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 3 пайызға көп. Сауда көлемінің артуына негізінен импорттың өсуі әсер еткен.

Қазақстан Камбоджадан көбіне тоқыма бұйымдарын, трикотаж өнімдері мен аяқкиім сатып алады. Ал еліміздің бұл мемлекетке шығаратын тауарлары әзірге аз. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан Камбоджаға 47 мың доллардың бақылау-өлшеу құралдарын экспорттаған.

Екі елдің дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жылдан асты. Сондай-ақ, 2024 жылы Қазақстан мен Камбоджа арасында туристерге арналған тікелей чартерлік рейстер уақытша қатынаған.

Хун Манет туралы не белгілі?

48 жастағы Хун Манет 2023 жылғы тамыздан бері Камбоджа үкіметін басқарып келеді. Ол – елді 38 жылға жуық басқарған, бүгінде Сенат төрағасы қызметін атқаратын Хун Сеннің ұлы.

Саясатқа келмес бұрын Хун Манет әскери салада қызмет еткен. Ол АҚШ-тағы әйгілі Вест-Пойнт әскери академиясын бітірген. Кейін Нью-Йорк университетінде экономика мамандығы бойынша магистр дәрежесін, ал Ұлыбританиядағы Бристоль университетінде доктор дәрежесін алған.

Камбоджада әскери қызметін жалғастырған Хун Манет армияны басқарып, жоғары лауазымдарда жұмыс істеген. Әскери мансабында төрт жұлдызды генерал шеніне дейін көтерілген.

2023 жылы парламент сайлауынан кейін оның әкесі Хун Сен премьер-министр қызметінен кететінін жариялады. Көп ұзамай үкімет басшылығына Хун Манет келді.

Қазір ол елдегі билік партиясы – Камбоджа халық партиясы төрағасының орынбасары қызметін де атқарады.