Қазақстан мен Камбоджа цифрлық технология, сауда, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті. Астанада өткен келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің өкілдері алты меморандумға қол қойып, құжаттармен алмасты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Құжаттармен алмасу рәсімі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен 17 қазанда елімізге ресми сапармен келген Камбоджа премьер-министрі Хун Манеттің қатысуымен өтті.
Алты меморандумның екеуі цифрлық технологиялар саласына қатысты. Екі ел жасанды интеллект, телекоммуникация және электрон үкімет бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отыр.
Атап айтқанда, Қазақстан мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсету мен ақпараттық жүйелерді дамытудағы тәжірибесін Камбоджамен бөліспек.
Тағы бір меморандум екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға арналған.
Сондай-ақ, мәдениет, өнер және туризм салаларындағы ынтымақтастық туралы жеке келісімдер жасалды.
Бұдан бөлек, Астана мен Камбоджаның астанасы Пномпень бауырлас қалалар атануға келісті. Бұл екі шаһардың байланысын кеңейтіп, түрлі салада тәжірибе алмасуына жол ашады.
Келіссөз барысында тараптар сауда, энергетика және табиғи ресурстарды игеру мәселелеріне де тоқталды.
Хун Манет энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, электрон үкімет жүйесін дамыту бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Камбоджа арасында тікелей әуе рейстерін ашу бастамасын көтерді.
Президенттің айтуынша, Камбоджа қазақстандық туристер үшін жаңа әрі қызықты бағытқа айналуы мүмкін.
Айта кетейік, бұл – Камбоджа үкіметі басшысының Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары. Ал екі елдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жылдан асты.