×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

«Пәтер бар, жылу жоқ»: Алматыда жаңа тұрғын үйдің тұрғындары суыққа шағымданды

Бүгін, 18:57
«Пәтер бар, жылу жоқ»: Алматыда жаңа тұрғын үйдің тұрғындары суыққа шағымданды
Видео кадры

Алматыдағы BUTA Legend тұрғын үй кешенінің тұрғындары пәтерлерінің суық екенін айтып шағымданды. Олардың сөзінше, күн суытқанымен, үйлеріне әлі жылу берілмеген. Мәселеге назар аударту үшін тұрғындар түнде үйдің алдына жиналып, құрылыс салушы BUTA Group компаниясына үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тұрғындар неге шағымданып отыр?

Тұрғындардың бірі Threads желісінде түнгі жиналыстың видеосын жариялап, құрылыс компаниясын үйге тиісті деңгейде жылу бермей отыр деп айыптады.

– BUTA Group, ұяттарыңыз жоқ екен! Бүгін 16 қазан, түн болды, дала суық, ал қазандық жұмыс істемейді! Қазандықты әкімдіктің балансына өткізбегенсіздер, жеке есепшот та жоқ. Біз, тұрғындар, түн ішінде жиналып, осы мәселені талқылап тұрмыз, – деп жазды әйел.

Ол тұрғын үй кешені бастапқы жобадан ауытқып салынғанын айтып, жұртты бұл компаниядан пәтер сатып алмауға шақырды.

Жазбаның астына BUTA Group компаниясының тағы бір жобасы – BUTA Legacy тұрғын үй кешенінің тұрғындары да шағым қалдырған.

Пәтер иелерінің бірінің айтуынша, төрт-бес жыл өтсе де, коммуналдық қызметке қатысты мәселелер шешілмеген.

Оның сөзінше, аптасына бірнеше рет жарық өшеді. Соның салдарынан кейбір көршілерінің тұрмыстық техникасы істен шыққан. Бұған қоса, тұрғындар ара-тұра сусыз қалады.

Құрылыс компаниясы не дейді?

BUTA Group компаниясы BUTA Legend тұрғындарының шағымдарымен келіспейтінін мәлімдеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, қазандық 2026 жылғы 27 тамызда-ақ қала балансына өткізілген. Сондықтан оны әкімдікке тапсырмағаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.

– Қазір қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр. Жылыту жүйесі қаланың орталық жылу жүйесіне толық қосылған, – деп хабарлады компания.

Дегенмен құрылыс компаниясы мамандар жылу тасымалдағыштың көрсеткіштерін қажет деңгейге жеткізу жұмыстарын әлі жүргізіп жатқанын нақтылады.

BUTA Group мәліметінше, жекелеген пәтерлердегі суыққа қатысты шағымдарды басқарушы компания қабылдап жатыр. Мамандар тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.

Құрылыс компаниясы туралы не белгілі?

BUTA Group Алматыда тұрғын үй құрылысымен айналысады. Компанияның жобалары қатарында BUTA Legend, BUTA Legacy, BUTA Flame, BUTA Fenomen және басқа да тұрғын үй кешендері бар.

BUTA Group компаниялар тобын әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифовпен байланыстырады.