Францияда халықтың тұрмысын қымбаттатқан бағаның өсуіне қарсы наразылық күшейді. 17 қазанда елдің бірнеше ірі қаласында өткен шерулерге жүздеген мың адам қатысты. Кейбір қалаларда бейбіт басталған наразылық тәртіпсіздікке ұласып, ғимараттар өртеліп, дүкендер тоналды. Полиция 1200 адамды ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Deutsche Welle мәліметінше, Францияда бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан наразылық шаралары 17 қазанда қайта күшейді. Халық күнделікті тұрмысқа қажет тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына, сондай-ақ, биліктің ішкі саясатына наразылық білдіріп жатыр.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің мәліметінше, сенбі күнгі шерулерге ел бойынша шамамен 550 мың адам қатысқан. Оның 110 мыңы Париж көшелеріне шыққан. Ал наразылықты ұйымдастырушылардың бірі, Франциядағы ең ірі кәсіподақ ұйымы – Жалпы еңбек конфедерациясы (CGT) қатысушылар саны 800 мыңға жуықтағанын мәлімдеді.
Наразылық Парижбен ғана шектелген жоқ. Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль қалаларының тұрғындары да көшеге шықты. Алайда кейбір қалаларда шеру соңы тәртіпсіздікке ұласты. Дүкендер тоналып, ғимараттар өртелді, қоғамдық және жеке мүлікке зақым келтірілді.
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню сенбіде кешке ел аумағында 1200 адам ұсталғанын хабарлады. Оның айтуынша, наразылық кезінде шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыстардан 150 тәртіп сақшысы жарақат алған.

Париж, Лион және Страсбург қалаларында полиция шерушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды. Франция астанасында қару-жарақ пен тыйым салынған заттар алып жүрген жүзге жуық адам ұсталды. Марсельде наразылық білдірушілер әкімдік ғимаратына басып кіріп, бірнеше дүкенді қиратқан. Олар полиция бөлімшесіне де кіруге әрекеттенген. Лионда туристік ақпарат орталығы өртелді. Авиньонда шерушілер префектураның ішкі ауласына басып кірсе, Гренобльде әкімдік ғимаратына зақым келтірілді. Ал Лимож қаласында шамамен 140 жыл бұрын салынған әкімдік ғимараты өртке оранды. Салдарынан ғимараттың қоңырау мұнарасы құлаған.

Әлеуметтік желіде наразылық кезінде қымбат брендтердің дүкендері қиратылып жатқанын көрсететін видеолар тарады. Желіде жарияланған кадрларда CELINE, Dior, Burberry және Louis Vuitton секілді әлемге әйгілі сән үйлерінің бутиктеріне шабуыл жасалғаны айтылып жатыр. Алайда бұл дүкендердің барлығы зардап шеккені әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Наразылыққа қатысушылар саны билік күткеннен әлдеқайда көп болды. Бастапқы болжам бойынша, Парижде 40 мыңға жуық, ал елдің өзге өңірлерінде жалпы 150 мыңдай адам шеруге шығуы мүмкін еді. Алайда іс жүзінде қатысушылар саны бірнеше есе артқан. Осыған байланысты Франция үкіметі сенбіде кешке шұғыл жиналыс өткізді.
Премьер-министр Себастьен Лекорню тәртіпсіздіктерге әсіре солшыл топтарды кінәлады.
– Бұл зорлық-зомбылықты президент сайлауы алдындағы дайындық ретінде пайдаланғысы келетіндерге айтарым: бізді қорқыта алмайсыздар. Ешкім күш қолдану арқылы өз саяси ұстанымын қоғамға таңуға тиіс емес, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Франция президенті Эмманюэль Макрон да елде болған оқиғаларға қатысты пікір білдірді.
– Біздің республикада зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Ғимараттарды қиратқан, префектуралар мен дүкендерге шабуыл жасаған, тіпті әкімдіктерді тонаған адамдар заң алдында жауап беріп, жазаланады, – деді мемлекет басшысы.
Тұрмыс құнының қымбаттауына қарсы шерулер 17 қазанда Франциядан бөлек, Бельгия, Португалия және Италияда да өтті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Бельгия астанасы Брюссельде бірнеше жүз адам наразылыққа шығып, полициямен қақтығыстар болды. Португалияның Лиссабон қаласында бірнеше күннен бері жалғасып келе жатқан шеруге сенбі күні ондаған мың адам қосылды. Италияның Милан қаласында да наразылық тәртіпсіздікке ұласты. Полиция жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданды. Болоньяда тәртіп сақшылары су атқыш техниканы пайдаланып, жеті адамды ұстады.
Сонымен қатар, 17 қазанда Албанияда да кезекті наразылық шаралары өтті. Кейінгі бір айда бірнеше рет көшеге шыққан тұрғындар үкіметтегі жемқорлыққа, жұмыс орындарының қысқаруына және білім беру сапасының төмендігіне наразылық білдірді.