Жетісу облысында жолаушылар мінген шағын автобус пен жүк көлігі соқтығысып, қайғылы жол апаты болды. Екі адам оқиға орнында қаза тауып, тағы он адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жол апаты 17 қазанда сағат 09:30 шамасында Алматы–Өскемен тасжолының 143-шақырымында болған.
Полиция мәліметінше, оңтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы өзімен бір бағытта қозғалып бара жатқан КамАЗ жүк көлігінің тіркемесіне соғылған.
Салдарынан екі адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Шағын автобустың тағы он жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр, – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.