×
$
452.59
€
507.67
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.59
€
507.67
₽
5.48

Рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, өзі Қазақстаннан шығарылды

Бүгін, 14:11
Рэпер Navai-ға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, өзі Қазақстаннан шығарылды
rocketbooking.ru

Жамбыл облысының полициясы ресейлік рэпер Navai-ға (Наваи Бакиров) қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Оны Қырғызстанмен шекарада көлігінен есірткі табылғаннан кейін ұстаған. Музыкант Қазақстаннан шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Іс неге тоқтатылды?

– Ресейлік рэперге қатысты қылмыстық іс алғаш рет құқық бұзушылық жасағаны және шын жүректен өкінгені ескеріліп, ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Шешімді қадағалау органы бекітті. Шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының полиция департаменті.

Музыкант Тараз қаласындағы тергеу изоляторында шамамен бір апта отырған.

Navai қалай тергеу изоляторына түсті?

Рэперді 13 қазанда «Қордай» өткізу бекетінде ұстаған. Ол Бішкекте өткен концерттен кейін Қырғызстаннан Қазақстанға қайтып келе жатқан.

Көлікте онымен бірге концерт директоры Рауф Гасанов пен көлік жалға алынған Халмурад Манапов болған.

Қызметтік ит жүргізуші орындығының қалтасынан 2,5 грамм марихуана тапқан. Полиция көліктен есірткі табылғанын растады.

– Өзі мінген көлікті тексеру кезінде есірткі заты анықталып, тәркіленді, – деп хабарлады полиция.

Алғашында үшеуі де ұсталған, кейін Гасанов пен Манапов босатылған.

15 қазанда Қордай аудандық соты рэперді 14 желтоқсанға дейін, яғни екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Оған қатысты есірткі контрабандасы және есірткіні заңсыз сақтау баптары бойынша тергеу басталған.

Контекст

Бұған дейін музыканттың адвокаты Рена Керимова Navai-дың жақын арада бостандыққа шығу мүмкіндігі жоғары екенін айтқан. Оның сөзінше, тексеру кезінде көлікте рэперден басқа да адамдар болған.

– Кінәні кез келген адам мойнына ала алар еді, бірақ Navai осылай дұрыс болады деп шешті. Менің субъективті пікірімше, ол кінәсіз, – деді қорғаушы.

Рэпер ұсталғаннан кейін Астанада жоспарланған Navai концерті өтпейтін болды. Ресей Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға дипломатиялық нота жолдады.