Қазақстанның оңтүстік өңірінде цифрлық инфрақұрылымды кеңейту жұмыстары жалғасуда. "Қазақтелеком" компаниясы GPON талшықты-оптикалық желісін дамытып, шалғай елді мекендерді "Радиокөпір" базалық станциялары арқылы интернетпен қамтамасыз етіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кейінгі уақытта жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі – Қызылорда қаласындағы "Сол жағалау" шағын ауданында орналасқан алты көпқабатты үйді интернетке қосу. Компания мамандары GPON желісін өз күштерімен жүргізіп, аталған үйлерге байланыс қызметін ұсынған алғашқы оператор болды. Барлығы 192 порт пайдалануға берілді. Тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары. Алғашқы айдың өзінде қолжетімді порттардың 25 пайызына абоненттер қосылды.

Жалпы, оңтүстік өңірде сыйымдылығы 1000 порттан асатын талшықты-оптикалық желі салынып, пайдалануға берілді. Соның арқасында бұрын сымды интернет желісі болмаған жаңа тұрғын үйлер мен нысандарды жоғары жылдамдықты интернетке қосуға мүмкіндік туды.
Компания кабель жүргізу мүмкін емес немесе экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендерді де назардан тыс қалдырмайды. Мұндай ауылдарға интернет жеткізу үшін «Радиокөпір» базалық станциялары орнатылып жатыр.

"Радиокөпір" жобасы – ауыл тұрғындарын заманауи байланыс қызметтерімен қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Біз желінің қамту аумағын кезең-кезеңімен кеңейтіп, интернеттің қолжетімділігін арттырып келеміз. Бұл ауыл тұрғындарына цифрлық қызметтерді пайдалануға, білім алуға, кәсіпкерлікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Ең бастысы, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», – деді "Қазақтелеком" АҚ Бөлшек бизнес дивизионы Оңтүстік өңірінің коммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директорының міндетін атқарушы Нұрболат Тоқсанбаев.

Бүгінде оңтүстік өңірдің 22 елді мекенінде "Радиокөпір" жабдықтары орнатылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада алдыңғы қатарда тұр.
"Базалық станциялардың орнатылуы арқасында бұрын сымды интернетке қосылу мүмкіндігі болмаған 22 ауылдың тұрғындары интернет қызметін пайдалана алады. Қазірдің өзінде желіге 400-ден астам абонент қосылды. Ал қолданыстағы инфрақұрылым тағы шамамен 1000 пайдаланушыны қосуға мүмкіндік береді", – деді "Қазақтелеком" АҚ Бөлшек бизнес дивизионы Оңтүстік өңірінің Өңірлік қосылымдар орталығының өңірлік менеджері Әсет Ералиев.
GPON желісін дамыту және «Радиокөпір» базалық станцияларын орнату – компанияның цифрлық инфрақұрылымды кеңейту бағытындағы жүйелі жұмысының бір бөлігі. Бұл жобалар интернеттің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, жаңа тұрғын аудандар мен ауылдық елді мекендердің цифрлық дамуына негіз қалайды.