22 қазан, бейсенбіден бастап Қазақстан аумағына жаңбыр мен қар әкелген циклонның орнына суық антициклон келеді. Соның әсерінен жауын-шашын біртіндеп тоқтап, ауа температурасы төмендейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Алдымен еліміздің батысында күн суытып, кейін суық ауа райы басқа өңірлерді де қамтиды.
Қазақстанның батысында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Түнде ауа температурасы −6-дан +2°С-қа дейін ауытқиды. Күндіз ауа +15…+22°С-қа дейін жылынады.
Еліміздің солтүстігінде түнгі температура біртіндеп −1…−6°С-тан 0…+5°С-қа дейін өзгереді. Күндіз +2…+10°С болады. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін.
Орталық өңірлерде антициклонның әсерінен жауын-шашын біртіндеп тоқтайды. Түнде ауа температурасы −1…−6°С, күндіз +3…+11°С шамасында болады.
Қазақстанның шығысында ауа райы күрделі болады. Атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр мен қар жауып, кей жерлерде көктайғақ болып, боран соғуы мүмкін. Түнде ауа температурасы 0…+5°С, өңірдің шығысында −1°С-қа дейін төмендейді. Күндіз +2…+7°С болады.
Еліміздің оңтүстігінде айтарлықтай жауын-шашын болжанбайды. Түнде ауа температурасы біртіндеп 0…+5°С-қа дейін төмендейді, күндіз +12…+17°С болады. Кей аудандарда жел күшеюі мүмкін.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында түнгі температура 0…+8°С аралығында болады. Таулы аудандарда күн −3…−8°С-қа дейін суытуы ықтимал. Күндіз ауа +8…+16°С-қа дейін жылынады.