Қаржылық мониторинг агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті құрамында алтыны бар кенді заңсыз шетелге шығару схемасын анықтады. Елден құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна шикізат әкетілген. Кедендік құжаттарда ол мыс кені ретінде көрсетілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Схема қалай жұмыс істеген
ҚМА мәліметінше, кедендік құжаттарда шикізат «мыс кендері мен концентраттары» деп көрсетілген. Осылайша, оның құрамында алтын бар екені жасырылған.
Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан тергеушілер осындай тағы 1000 тоннадан астам шикізат тапқан. Ол үлкен контейнерлерге салынған.
Кімдер күдікке ілінді
Тергеу барысында экспорттаушы RedGold Mining ЖШС-нің директоры мен схемаға қатысы бар басқа да адамдар анықталды. Екі күдікті қамауға алынды. Сот шешімімен компанияның қаражатына тыйым салынды.
ҚМА кеннің нақты қай елге шығарылғанын хабарлаған жоқ.
Контекст
Бұған дейін депутат Марат Шибутов Өнеркәсіп министрлігіне алтын, күміс және басқа да металдарды өндіруге болатын өндірістік қалдықтарды игеру мәселесімен айналысуды ұсынған еді.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда осындай қалдықтардың шамамен 55 млрд тоннасы жиналған. Оның бірнеше жүз миллион тоннасында бағалы компоненттер бар. Олардың қатарында Шығыс Қазақстандағы құрамында алтыны бар қалдықтар да кездеседі.