Түркістандық көпбалалы ана әлеуметтік қызметкерлердің жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды ұсынғанына шағымданған еді. Осы оқиғадан кейін ол қайтадан пікір білдірді. Ал шенеуніктер отбасының неліктен ауқатты деп танылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Отбасын ауқатты деп таныған
Жақында Түркістан қаласының тұрғыны Әсел үйіне екі адамның келгенін, олардың әлеуметтік қызметкерлер екенін айтып, жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды ұсынғанын жеткізген еді. Бұған несиеге алынған үйі мен көлігі себеп болған.
Әйел бұған наразылық білдірді. Ол төрт баланы тәрбиелеп отырғанын және декреттік демалыста екенін түсіндірді. Отбасы несиелерін төлеп, баласының түзету орталығындағы сабақтарына да ақша жұмсайды.
Оқиға қоғамда қызу талқыланғаннан кейін Әсел қалалық әлеуметтік қорғау бөліміне жүгінген. Онда оған отбасының материалдық жағдайы қалай есептелетінін түсіндірген.
– Бүгін қалалық әлеуметтік қорғау бөліміне барып, барлық сұрағыма жауап алдым. Біз тұратын үй енемнің атына рәсімделген, тағы бір үй күйеуімнің әпкесінің атында. Сонда енемнің атында екі үй бар болып есептеледі. Бәріміз бір мекенжайда тіркелгендіктен, мұның бәрі ортақ актив саналады. Бұдан бөлек, менің жеке кәсіпкерлігім бар, оның да табысы есепке алынады. Сондықтан бізді А санатына жатқызған, – деді Әсел.
Дегенмен әйелдің көкейінде бір сұрақ қалған. Ол өз жағдайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың жағдайымен салыстырды.
– Министрдің өзінің екі пәтері бар, жалақысы – миллион теңге. Бірақ ол В санатында. Жарайды, қаңтарда не болатынын көрерміз. Мүмкін, түсінбеушілік болған шығар, – деді ол.
Түсінбеушілік болған ба?
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандар қазір қалалар мен аудандарды аралап, тұрғындарға әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібін түсіндіріп жүргенін хабарлады. Әсіресе А және В санаттарына жатқызылған отбасыларға баса назар аударылып отыр. SMS-хабарлама алған азаматтармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
– Видеода көрсетілген тұрғын бастапқыда алған ақпаратын дұрыс түсінбегенін айтты. Осыдан кейін видео әлеуметтік желілерден өшірілді. Қазір әлеуметтік көмек алушымен қайтадан түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – деп мәлімдеді басқарма.
Шенеуніктердің айтуынша, мұндай кездесулер облыстың барлық аумағында жалғасады.
Қазақстандықтар жаңа санаттарға қатысты дауласып жатыр
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар әлеуметтік төлемді тағайындау тәртібі өзгереді. Отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде табысы, жылжымайтын мүлкі, көлігі және басқа да көрсеткіштері ескеріледі.
Жаңа жүйе тұрғындардың наразылығын туғызды. Қазақстандықтар ипотекасы, несиесі және күнделікті шығыны көп болса да, әл-ауқатты бағалау калькуляторы оларды ауқатты санатқа жатқызатынына шағымданып жатыр.