×
$
448.61
€
503.83
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.61
€
503.83
₽
5.48

Санжар Боқаевтың бұрынғы видеографы кінәсін мойындады

Бүгін, 17:16
Санжар Боқаевтың бұрынғы видеографы кінәсін мойындады
Ulysmedia коллажы

Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың ісінде күтпеген жағдай болды. Оның бұрынғы видеографы Ұлан Нүсіпқожа тағылған айыптарды мойындап, қылмыстық іске қатысты мән-жайды сотта баяндауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Нүсіпқожаның жаңа адвокаты Мәди Әуекенов оның осындай шешім қабылдағанын айтты. Қорғаушының сөзінше, сотталушы ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты эпизодтар бойынша «шындыққа сай әрі дәйекті айғақ беруге» ниетті.

Бұған дейін Нүсіпқожа адвокат Сергей Кимнің қызметінен бас тартқан. Сот отырысында ол қорғаушысын өз еркімен ауыстырғанын растады.

Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты Нүсіпқожаның бұлтартпау шарасы өзгертілді. Енді ол қамауда емес, үйқамақта болады.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының отырысында төрағалық етуші судья Жанат Әбеноваға қарсылық білдіру туралы өтініш те қаралды. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Контекст

Санжар Боқаев, оның жиені Мадияр Қалменов және Ұлан Нүсіпқожаға қатысты сот процесі 16 қазанда басталды. Қылмыстық іс бірнеше эпизодтан тұрады.

Прокуратура нұсқасы бойынша, Боқаев пен оның сыбайластары құрылыс нысанынан гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастырып, кейін болған оқиғаны әшкерелегендей етіп видеоға түсірген.

Тергеу Баум тоғайындағы ағаштарды кесуге қатысты оқиғадан да осыған ұқсас схеманы байқаған.

Бұдан бөлек, Боқаевқа кәсіподақ қаражатын жымқыруға және ақшаны заңдастыруға қатысты айыптар тағылған. Белсендінің өзі бұған дейін тағылған айыптарды жоққа шығарған.