×
$
448.61
€
503.83
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.61
€
503.83
₽
5.48

Қазақстандықтарға Шенген визасын алу тәртібін жеңілдету мәселесі шешілуге жақын

Бүгін, 17:54
Қазақстандықтарға Шенген визасын алу тәртібін жеңілдету мәселесі шешілуге жақын
travelandleisureasia.com

Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу тәртібін жеңілдету жөніндегі келіссөздердің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Дипломат бұл туралы Астанада журналистермен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге ресми сапарынан кейін келіссөздер айтарлықтай ілгерілеген.

– Қосымша байланыстар орнатып, келіссөздерді жалғастыру қажет. Дегенмен, оң өзгеріс бар және бұл келіссөздер мүмкіндігінше тезірек аяқталады деп үміттенемін. Қазақстандықтар үшін визалық режимнің жеңілдетілгені, әрине, жақсы болар еді. Сонымен қатар, Еуропалық одақтағы әріптестеріммен қарым-қатынас барысында да байқағанымдай, Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы сауда көлемі тұрақты өсіп келеді, – деді елші.

Оның айтуынша, Франция Қазақстанмен визалық режимді жеңілдетуді қолдаған алғашқы елдердің бірі болды және бұл бастаманы әлі де қолдап келеді.

– Алайда бұл – Еуропалық комиссия жүргізіп жатқан жалпы келіссөздер. Бұл мәселемен Еуропалық одақ пен Еуропалық комиссия айналысады. Біз келіссөздердің барысынан хабардармыз, бірақ түпкілікті шешімді біз қабылдамаймыз. Тек оң өзгеріс бар екенін айта аламын, – деді Сильван Гиоге.

Контекст

Бұған дейін Германияның Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен Астана мен Брюссель арасында Шенген визасын алу үшін қажетті құжаттар тізімін қысқарту мәселесі талқыланып жатқанын айтқан еді.

Қазір қазақстандықтар виза алу үшін жұмыс орнынан анықтама, банк шотынан үзінді көшірме, сақтандыру полисі және басқа да құжаттарды ұсынуға мәжбүр.