Алматыдағы элиталық әрі даулы Esentai City тұрғын үй кешенінде газ жарылып, екі бала зардап шекті. Жарылыстан кейін газ өшіріліп, тұрғындардан үйлерінде болу сұралған. Кешен бұған дейін де сот даулары мен үлескерлер мәселесіне байланысты назарға іліккен еді. Ulysmedia.kz тілшісі элиталық тұрғын үй кешеніне барып, төтенше оқиғаның мән-жайын тұрғындардан сұрастырып білді.
Жарылыс Esentai City кешеніндегі үш қабатты ғимаратта болған. Оқиға орнына барғанымызда, жарылыстан қираған құрылыс қалдықтарын шығару және аумақты тазарту жұмыстары жүріп жатты.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, жарылыс таңғы сағат 6:30 шамасында болған. Бірінші қабаттағы қатар орналасқан екі үй бір мезгілде зақымданған. Үйлердің бірінде тұратын отбасының барлық мүшесі ұйықтап жатқан. Ал екінші үйде ешкім болмаған. Абырой болғанда, жарылыс дыбысын естіген ата-аналар дереу әрекет етіп, балаларын сыртқа шығаруға тырысқан. Алайда жарылыстың қатты болғаны соншалық, қабырғалар құлап, екі бала үйінді астында қалған.
Көршілердің айтуынша, балалар жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың жағдайы қалыпты. Бұған дейін Алматы әкімдігі де балалардың жеңіл жарақат алғанын хабарлаған еді.
– Оқиға салдарынан кәмелетке толмаған екі бала жеңіл жарақат алды. Оларды тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйіне жіберді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болмады, – деп хабарлады Алматы әкімдігі Ulysmedia.kz редакциясына.
Оқиғаға қатысты пікір білдіруден кешен тұрғындарының кейбірі бас тартты. Дегенмен, жарылыс кезінде үйде болған тұрғындардың бірі (аты-жөнін атамауды сұрады) оқиғаның қалай болғанын айтып, төтенше жағдайға не себеп болуы мүмкін деген болжамымен бөлісті.

«Газ жертөлеге қалай жеткені – жұмбақ»
«Жалпы бұл үйде тұрып жатқанымызға үш жыл болды. Бұған дейін мұндай төтенше жағдай болмапты. Бүгін бізге үйде болуымыз керектігі туралы хабарлама жіберді. Газ жүйесіне қысымына қатысты тексеріс жүргізіледі екен. Мамандар подъездерді аралап, әр пәтерді тексеруі керек. Бүкіл үйді тексеріп болғаннан кейін ғана газ қосылады. Бізде жеке жылыту жүйесі бар. Жарылыс болған сәтте балалар Құдайға шүкір, қатты зардап шеккен жоқ. Әкесі балаларды тез алып шықты, әйелі де сыртқа жүгіріп шыққан. Олардың үстіне төбенің бір бөлігі құлаған болуы мүмкін. Соның салдарынан жеңіл жарақат алған шығар», – дейді көршісі.
Сонымен қатар, келіншек жарылыс болған сәтте көршілер көмектесіп, аула сыпырушылар өртті сөндіруге кіріскенін айтты.
«Өрт онша қатты болған жоқ, керісінше жарылыс қатты болды. Содан кейін бір нәрсе тұтанған, нақты ненің жанғаны белгісіз. Аула сыпырушылар өрт сөндірушілер келгенге дейін жалынды сөндіріп үлгерген. Өрт сөндірушілер кейін қайта тұтанбасын деп су құйып, сөндірілген жерді салқындатты. Біздің аула сыпырушылар газды бірден жауып тастады», – деді ол.
Оқиға орнына барғанымызда, тұрғындар жұмыста болғандықтан ба, әлде көп пәтерге әлі бос тұрғандықтан ба, айналада адам аз болды. Осыған қарап, үй әлі толық пайдалануға берілмеген бе деген сұрақ туындады.
«Жалпы, тұрғындар баршылық. Екінші қабаттағы пәтерлердің бәріне тұрғындар әлі қоныстанбаған. Бәріне белгілі үйге қатысты даулы жағдайлар болғандықтан, кейбір пәтерлерге санкция салынған», – деді көршісі.

Келіншектен жарылысқа құрылыс салушының жауапты болуы мүмкін бе, газ жүйесі дұрыс орнатылмаған ба деп сұрадық. Ол бұл мәселеге қатысты нақты пікір білдіре алмайтынын айтты, себебі сараптама қортындысы дайын емес екенін айтты.
«Жалпы, мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмаған ғой. Оның үстіне, жауапты органдар мен тиісті қызметтер бұл мәселемен айналысып жатыр. Газ қызметінің, полиция мен өрт сөндіру қызметінің өкілдері көп келді. Олар бірден шара қолданып, газды өшірді. Менің естуімше, негізгі болжам бойынша, газ пәтерлерде емес, қандай да бір себеппен жертөледе жиналған. Оның жертөлеге қалай барғаны – жұмбақ. Газдың қайдан келгенін білмейміз. Мұнда кіреберістердің арасында қалқалар бар. Сондықтан газ жертөлеге қандай да бір кіреберіс арқылы немесе басқа подъезд жағынан өтуі мүмкін. Бірақ жертөледе газ құбырлары жоқ. Сондықтан бұл шынымен де жұмбақ. Мұны сарапшылар анықтасын. Өзіме түсініксіз, өйткені жертөледе газ коммуникациялары жоқ. Газ құбыры жер астынан шығып, пәтерлерге қарай үш қабатқа дейін жоғары көтеріледі. Яғни, құбыр бірден жоғары қарай өтеді де, жертөле арқылы жүргізілмеген», – деді көршісі.
Еске сала кетейік, жалпы Esentai City тұрғын үй кешеніне қатысты даулар бұған дейін де болған. 2022 жылы кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаров кешендегі вилланы сатып алуға берілген 418,64 млн теңгені иемдену ісі бойынша жеті жылға сотталды. Ол сол кезде AV-Construction құрылыс компаниясы директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары болған. 2026 жылғы ақпанда оның жұбайы Ольга Әбдіғаппароваға да Esentai City үлескерлеріне қатысты іс бойынша 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған еді.