Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін талқылаған IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел) биыл алғаш рет Шымкентте өтті. 40-тан астам елден 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілі жиналған жиында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды. Бұл құжаттар қандай салаларды қамтиды? Қазақстан инвесторларға қандай мүмкіндік ұсынады? Ал шетелдік компаниялармен серіктестік елімізге не береді? Ulysmedia.kz тілшісі тарқатады.
KGIR-2026 НЕЛІКТЕН ШЫМКЕНТТЕ ӨТТІ?
Биылғы форумның Шымкентте ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Еуразиядағы негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан қала елдің экономикалық өсіміне үлес қосып отырған ірі орталықтардың бірі саналады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, соңғы бес жылда қаланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі екі есеге артып, $7 млрд-қа жеткен. Ал жалпы өңірлік өнім үштен бірге өсіп, $13 млрд болған.
Әкім халықаралық инвестициялық форумның Шымкентте алғаш рет өтіп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай алаң шетелдік капитал тартуға және халықаралық серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға жол ашуы керек.
«Шымкент Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналуға дайын», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Қаланың инвестициялық тартымдылығын бірнеше фактор айқындайды. Біріншіден, Шымкент пен оған іргелес агломерацияның тұтыну нарығында 2 млн-нан астам адам бар. Екіншіден, қала Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін стратегиялық жерде орналасқан. Үшіншіден, мұнда өнеркәсіп пен шағын және орта бизнес дамып келеді.
Қазір Шымкентте шетелдік капиталдың қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын және 133 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Қаланың өндірістік әлеуеті де елеулі: Қазақстандағы кілем мен алюминий құтылар өндірісінің 100%-ы, мақта майы өндірісінің 97%-ы және мақта-мата өндірісінің 63%-ы Шымкенттің үлесіне тиесілі. Бұған қоса, қала фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, отын, майлау материалдары мен шыны ыдыс өндірісінде маңызды орын алады.
Инвестиция тартуға көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуы да ықпал етеді. Қаладағы халықаралық әуежайдың жаңа терминалы жылына 12 млн жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Ал екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жүк және транзиттік тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс.
Өткен жылы Шымкенттің сыртқы сауда айналымы $2,6 млрд-қа жетіп, бес жыл ішінде 70%-ға өскен.
ЖАҢА СЕРІКТЕСТЕР ТАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ҚАДАМ
Шымкентте жалпы аумағы 1,53 мың гектарды құрайтын сегіз инвестициялық алаң жұмыс істейді. Оларда 350-ден астам өндірістік жоба жүзеге асырылған. Қала билігі қолданыстағы төрт өнеркәсіптік алаңды кеңейтуді, жаңа металлургиялық аймақ құруды және арнайы экономикалық аймақтың аумағын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстардың нәтижесінде жаңа жобаларды орналастыруға қосымша 1,7 мың гектардан астам жер қолжетімді болмақ.
Қалада шетелдік қатысуы бар жалпы құны $1,5 млрд болатын 20 жоба іске асырылған. Бұдан бөлек, құны $7,5 млрд болатын тағы 21 жоба жүзеге асырылып жатыр. Шымкентте жұмыс істейтін халықаралық компаниялардың қатарында CNPC, Coca-Cola, Polpharma, Alarko Holding, YDA Group, Fabe Agro және Wang-Sheng Ceramics бар.
Осы тұрғыдан алғанда, KGIR-2026-ны Шымкентте өткізу қаланың өндірістік мүмкіндіктерін халықаралық бизнеске таныстыруға және жаңа серіктестер тартуға бағытталған қадам болды.
ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚАНДАЙ МҮМКІНДІК ҰСЫНАДЫ?
«Тұрақтылықтан өсімге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбымен өткен пленарлық отырыста премьер-министр Олжас Бектенов елдің инвестициялық саясаты мен басым бағыттарын таныстырды.
Үкімет басшысы халықаралық іскерлік қоғамдастықпен тікелей диалог орнатудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсіп, $300 млрд-тан асқан. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл бұл көрсеткіш $300 млрд болады деп күтіледі.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға жарты трлн долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Оның $100 млрд-тан астамы соңғы бес жылға тиесілі.
Олжас Бектенов инвестиция тартумен қатар, оның экономиканы жаңғыртуға ықпал етуіне мән беру қажеттігін айтты.
«Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді құру және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту – аса маңызды міндет. Дәл осы стратегиялық басымдықтар 2030 жылға дейінгі жаңартылған Инвестициялық саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан. Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі тұрақты мемлекет болып қала береді», – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы инвесторларды Екібастұз қаласындағы «ДӨО алқабын» құруға, жоғары технологиялы Alatau City қаласын салуға және басқа да ауқымды бастамаларға қатысуға шақырды.
Инвестициялық жобалар үшін басым бағыттар ретінде өңдеу және химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру, көлік машина жасау, агроөнеркәсіп кешені мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, IT-инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру, сондай-ақ жоғары технологиялық қалалар салу аталды.
Қазақстан инвесторларға қолайлы жағдай жасауға да басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, Kazakhstan Investment House орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіп, экспорттық және өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрін ұсынбақ. Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде. «Астана» халықаралық қаржы орталығында ағылшын құқығы нормаларын қолдануға мүмкіндік бар. Инвесторлардың құқықтарын Бас прокуратура деңгейінде қорғау тетіктері жұмыс істейді, ал инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді Үкімет жанындағы кеңес жүзеге асырады.
Елдің инвестициялық тартымдылығы халықаралық рейтингтерден де көрініс тапқан. S&P агенттігі Қазақстанның рейтингін тұрақты болжаммен «BBB» деңгейіне дейін көтерген. Бұл – соңғы онжылдықтағы осындай алғашқы көрсеткіш. Сонымен бірге Қазақстан Global Investment Risk and Resilience Index рейтингінде 17 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 53-орынға шыққан.
4,8 МЛРД ДОЛЛАРДЫҢ ЖОБАЛАРЫ: ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ?
KGIR-2026 аясындағы басты нәтижелердің бірі – жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылуы. Олардың арасында инвестициялық келісімдер, меморандумдар және Шымкентте жаңа өндіріс ашуға арналған негіздемелік келісім бар.
Құжаттар әртүрлі саланы қамтиды. Бір бөлігі энергетика мен өндірісті дамытуға бағытталса, енді бірі білім беру, медицина, көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылымға қатысты.
Үш ірі инвестициялық келісімнің жалпы құны $1,13 млрд-тан асады.
Бұл жобалар энергетика, көлік инфрақұрылымы және өнеркәсіп салаларында жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

Білім беру, медицина және логистикаға миллиардтаған инвестиция
Дөңгелек үстел аясында бірқатар ірі меморандумға да қол қойылды. Олардың қатарында:

ШЫМКЕНТТЕ ПЛАСТИКТІ ҚАЙТА ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ
Халықаралық дөңгелек үстелдің Шымкент үшін тікелей нәтижелерінің бірі – қалада жаңа өндіріс ашу туралы келісім.
Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында құны $74,3 млн болатын ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.
Жоба пластикті қайта өңдеу мен өндіріс саласын ұштастыруға бағытталған. Бұл – KGIR алаңында талқыланған инвестициялық мүмкіндіктердің қала экономикасына тікелей қатысты мысалдарының бірі.
ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАЛАЙ ДАМИДЫ?
KGIR-2026 аясында Олжас Бектенов Aksa Energy, Carlsberg Kazakhstan, Solico Group және CONTEC халықаралық компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар энергетика, агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және ғарыш салаларындағы қазіргі және болашақ бірлескен жобаларды талқылады.
Келіссөздерде өңдеу өндірістерін дамыту, жаңа технологиялар енгізу және қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Aksa Energy: Қызылордадағы энергетикалық жоба
Компанияның бас директоры әрі атқарушы комитетінің төрағасы Наджи Агбалмен кездесуде Қазақстандағы жаңа энергетикалық жобалардың перспективалары қаралды.
Тараптар Қызылордада құны 215 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысының іске қосылғанын атап өтті. Электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын станса биыл маусымда коммерциялық пайдалануға берілген. Ол өңірдің электр энергиясы мен жылуға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге арналған.
Carlsberg Kazakhstan: жергілікті өндіріс пен экспорт
Carlsberg Kazakhstan бас директоры Вячеслав Мальцевпен кездесуде тамақ өнеркәсібін дамыту, өндірісті жергіліктендіру және экспортты кеңейту мәселелері қаралды.
Carlsberg Kazakhstan Қазақстандағы PepsiCo өнімдерінің ресми дистрибьюторы болған. Екі компанияның ынтымақтастығы аясында биыл 1 қазанда Алматы облысында құны $344 млн болатын алкогольсіз сусындар зауыты іске қосылды.
Кәсіпорын ішкі нарыққа да, экспортқа да өнім шығарады. Мұнда 230 тұрақты жұмыс орны ашылған. Қазіргі уақытта Carlsberg Kazakhstan қызметіндегі қазақстандық қамту үлесі 71,5%-ды құрайды.
Кездесу барысында отандық шикізат пен қаптама материалдарын жеткізушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге басымдық берілді.
Solico Group: жылына 41 мың тонна ірімшік өндіру жоспары
Solico Group компаниясының ТМД елдеріндегі бас директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі Алиреза Мохаммад Рахимимен келіссөздерде Алматы облысындағы ірімшік зауыты құрылысының барысы талқыланды.
Жобаға шамамен 45 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 41 мың тоннаға жетуге тиіс. Сонымен қатар шамамен 450 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Зауытты 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Тараптар Қазақстанның аграрлық өңірлерінде жаңа өңдеу өндірістерін ашу мүмкіндіктерін де қарастырды. Мұндай жобалар отандық өнім экспортының кеңеюіне ықпал етуі мүмкін.
CONTEC: ғарыш саласындағы бірлескен өндіріс
CONTEC компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Ли Сонхимен кездесуде Қазақстан мен компания арасындағы ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі талқыланды.
Тараптар спутниктер мен олардың құрамдас бөліктерін бірлесіп өндіру, жерүсті инфрақұрылымын дамыту және өндірістік процестердің бір бөлігін Қазақстанда орналастыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Сондай-ақ спутниктік деректерді өңдеуде жасанды интеллект технологияларын қолдану, қазақстандық мамандар даярлау және бірлесіп өндірілген өнімді шетелдік нарықтарға шығару мәселелеріне назар аударылды.
Кездесулер қорытындысында Премьер-министр салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға инвестициялық жобаларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды. Үкіметтің мәлімдеуінше, Қазақстан үшін жаңа инвестиция тартумен қатар, қосылған құны жоғары өнім өндіру жобаларын жүзеге асыру маңызды.

НЕГІЗГІ НӘТИЖЕ – ИНВЕСТИЦИЯ КӨЛЕМІ ҒАНА ЕМЕС
Шымкентте өткен IX Kazakhstan Global Investment Roundtable Қазақстанның халықаралық бизнеске ұсынатын мүмкіндіктерін талқылауға және жаңа жобалар бойынша келісімдер жасауға арналған алаң болды. 40-тан астам елден келген 500-ден аса инвестор мен бизнес өкілінің қатысуы шараның ауқымын көрсетсе, жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжаттың рәсімделуі оның басты нәтижесіне айналды.
Қол қойылған құжаттар энергетика, өнеркәсіп, білім беру, медицина, көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылымды қамтиды. Ал Шымкентте пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі $74,3 млн-дық келісім қаланың өзі үшін де нақты инвестициялық бастама болды.
Дегенмен құжаттарға қол қою мен жобаларды толық жүзеге асыру – екі бөлек кезең. Инвестицияның нақты экономикалық әсері жобалардың іске асуына, жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына және отандық кәсіпорындардың жеткізу тізбегіне қаншалықты тартылатынына байланысты болады.
Қазақстан Үкіметі үшін негізгі міндет – инвестиция тартуды жалғастырып қана қоймай, оны технологиялық жаңғыруға, өндірісті әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттау. Ал Шымкент үшін бұл форум қаланың өңірлік өндіріс орталығы ретіндегі әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік берді.