Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-дан 15,75%-ға дейін төмендетті. Мөлшерлеме дәлізі плюс-минус 1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл нені білдіреді?
Базалық мөлшерлеме Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге ақша беретін және олардың ақшасын сақтауға қабылдайтын пайыздық мөлшерлемесін көрсетеді. Оған несие мен депозит мөлшерлемелері байланысты.
Базалық мөлшерлеме төмендеген кезде несие арзандап, депозиттен түсетін табыс азаяды. Бұл бизнес үшін қарыз алуды жеңілдетсе, халық үшін несие мен ипотека мөлшерлемесінің төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
Бұл – базалық мөлшерлеменің қатарынан екінші рет төмендеуі. Алдыңғы отырыста Ұлттық банк оны 16,75%-дан 16,25%-ға дейін түсірген еді.
Контекст
Бұған дейін Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшылары қазақстандықтардың депозиттеріндегі қаражат 30,5 триллион теңгеден асқанын есептеген. Оның 45%-ы шоттардағы қалдық 20 миллион теңгеден асатын салымдарға тиесілі.
Сарапшылардың пікірінше, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені одан әрі төмендеткен күннің өзінде депозиттердің пайыздық мөлшерлемесі баяу төмендейді. Өйткені банктер ірі салымшыларын сақтап қалуға мүдделі.