×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

«Масқара ғой!»: алматылықтар Үлкен Алматы көлі маңындағы үйінді қоқысқа шағымданды

Бүгін, 17:58
«Масқара ғой!»: алматылықтар Үлкен Алматы көлі маңындағы үйінді қоқысқа шағымданды
Threads

Алматы тұрғындары Үлкен Алматы көлі маңындағы қоқыстың көптігіне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, кейбір туристер бөтелке, қаптама және өзге де қалдықтарды табиғат аясына тастап кетеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Алматы тұрғыны Лия жақында Үлкен Алматы көліне барып, айналаның жағдайын көріп көңілі қалғанын айтты. Оның сөзінше, жұмыс күні болса да, көл маңында адам көп болған. Алайда оны бәрінен бұрын кейбір демалушылардың әрекеті ашуландырған.

– МЫНАУ МАСҚАРА ҒОЙ! – деп жазды ол.

Алматылық әйелдің айтуынша, өзінен сәл әріректе, тастың үстінде жасы 18 шамасындағы бір топ жас отырған. Жандарында қоқыс жатқан. Жастар кетерінде оны сол күйі қалдырып кеткен.

– Біреулер қоқысын осылай тастап кете салады деп ойламаппыз. Не болғанын бірден түсінбей қалдық. Ескерту жасап та үлгермедік, – дейді ол.

Өзің алып келген заттың қалдығын өзіңмен бірге әкетудің несі қиын екенін ешқашан түсінген емеспін. Осының бәрін көлге дейін көтеріп келуге күшің жетсе, кері алып кету соншалықты қиын ба?

Ақырында ол қасындағы адамдармен бірге үш шағын пакет қоқыс жинаған. Бос пакет қалмағандықтан, одан артығын алып кете алмаған.

Өзге тұрғындар да шағымданды

Жазба алматылықтар арасында талқыға түсті. Пікір қалдырғандар туристердің тауда тастап кеткен қоқысын өздері түсірген суреттермен бөлісе бастады.

Қала тұрғындары бұл мәселенің бір жермен шектелмейтінін, қоқыстың өзге де танымал демалыс бағыттарында кездесетінін айтты.

Шағымдардан кейін ұлттық парк қызметкерлері Үлкен Алматы көлі маңын тазалап, жиналған қоқысты шығарған.

– Үлкен Алматы көлі аумағының ластануы туралы жарияланымдарға қатысты ескертулердің назарға алынғанын хабарлаймыз. Ұлттық парк қызметкерлері аталған аумақты тазалап, қоқысты жинап, шығарды, – деп мәлімдеді парк өкілдері.

Олар мәселеге назар аударған тұрғындарға алғыс айтып, табиғатты сақтау парк қызметкерлерінің ғана емес, келушілердің де міндеті екенін еске салды.