×
$
451.05
€
504.95
₽
5.6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.05
€
504.95
₽
5.6

Мың теңге үшін өлім құшты ма? Қызылордада жасөспірім анасының көз алдында қаза тапты

Бүгін, 13:09
Мың теңге үшін өлім құшты ма? Қызылордада жасөспірім анасының көз алдында қаза тапты
Ulysmedia.kz коллажы

Қызылордада қаза тапқан жасөспірім Нұрисламбектің туыстары оның өліміне қатысты істің әділ тергелуін талап етіп отыр. Отбасының айтуынша, мың теңге үшін басталған жанжалдан жасөспірім жүрек тұсынан ауыр жарақат алып, көз жұмған. Қайғылы оқиға баланың анасының көз алдында болған. Ал оған шабуыл жасады деген күдікті небәрі 13 жаста, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қайғылы оқиға 21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында болған.

Туыстарының айтуынша, Нұрисламбек пен оның танысы арасында мың теңгеге бола жанжал шыққан. Кейін жасөспірімнің жүрек тұсына үшкір зат сұғылған.

Жақындарының сөзінше, ең ауыр сәт – мұның бәрі анасының көз алдында болғаны. Әйел баласына қарай ұмтылғанымен, оған көмек көрсетіп үлгермеген.

– Анамыз бірнеше рет «Нурик, Нурик, Нурик!» деп айқайлаған. Ана жүрегі бір жамандықты сезгендей. Баласына қарай жүгіргенімен, үш-төрт қадам жетпей қалды, – деп еске алды жасөспірімнің әпкесі.

Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін күдікті затын лақтырып жіберіп, марқұмның анасынан кешірім сұраған.

Нұрисламбек ауруханаға жетпей көз жұмған.

Отбасы оқиғаға басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін екенін айтты

Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның тағы бір әпкесі әлеуметтік желіде үндеу жариялап, бауырының өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтауды талап етті.

Оның айтуынша, отбасы шабуыл жасады деген күдікке ілінген 13 жастағы жасөспірімнің жақын арада босатылып кетуі мүмкін екеніне алаңдап отыр.

– Қазір ол қамауда отыр. Алайда оның жақын күндері бостандыққа шығуы мүмкін деген ақпарат бізді қатты алаңдатып отыр, – деп жазды қыз.

Дегенмен полиция бұған дейін күдікті жасөспірімнің облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылғанын ресми түрде хабарлаған.

Марқұмның туыстары оқиғаға басқа адамдардың да қатысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Атап айтқанда, отбасы жанжалдың өршуіне ықпал етуі мүмкін деген екі ересек адамның – ер адам мен әйелдің әрекетін де тексеруді сұрап отыр.

Нұрисламбектің әпкесі Қызылорда тұрғындары мен барша қазақстандықтарды бұл қайғылы жағдайға бейжай қарамауға шақырды.

Отбасы тергеу барысында оқиғаға қатысы болуы мүмкін әр адамның әрекеті мұқият тексерілуін талап етеді.

– Біз кек алуды емес, әділдікті қалаймыз! Құқық қорғау органдарынан, прокуратурадан және басқа да мемлекеттік мекемелерден бұл істі ерекше бақылауға алып, жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді сұраймыз, – деді марқұмның жақындары.

Полиция не дейді?

Қызылорда облыстық полиция департаменті кәмелетке толмаған жасөспірімнің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Тергеу абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Күдікті жасөспірім облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

Сонымен қатар, полиция бала тәрбиесіне қатысты міндеттерді орындамау дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркеген.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.