×
448.89
477.93
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.89
477.93
4.76

Қазақстандық көмір өнеркәсібі жаһандық дағдарысты қалай еңсерді?

20.02.2023, 16:23

Экономикалық және геосаяси қиындықтарға қарамастан қазақстандық көмір өндірушілер өндірісті тұралатқан жоқ.  Өткен жылы «Шұбаркөл Премиум» компаниясындағы көмір өндіру көлемінің өсімі 79% -ды құраған.  Компания мұндай көрсеткішке қалай қол жеткізді?

"Шұбаркөл Премиум" АҚ  Бас директоры Фарит Азизов көмір өнеркәсібіндегі жаһандық дағдарыстардың салдарымен күресіп қана қоймай, компания өсу қарқыны бойынша көш басына шыққанын айтты. 

- Фарит Экремұлы, соңғы бірнеше жыл тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің көмір саласы үшін барынша күрделі болды. 2019 жылы көмір бағасының күрт төмендеуі , одан кейін 2020 жылы әлемдік экономиканы дүр сілкіндірген COVID-19 пандемиясы, оның салдары бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Соңғы бірнеше жылда қазақстандық көмір өндірушілер қандай қиындықтарға тап болды?

- 2019 жылы көмір бағасы төмендеген кезде, логистиканы қоса есептегенде, көмір өндірісінің құны біз Еуропа нарығында сата алатын бағадан әлдеқайда жоғары болды. Ол кезде көмір өнеркәсібіне оңай болған жоқ. Жағдайды ескере отырып, көмірді шұғыл түрде Қазақстанның ішкі нарығына және көршілес Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне сатуды қайта бағыттауға тура келді. Менің ойымша, пандемия әлемдік экономикаға қандай соққы болғанын айтудың өзі артық. Логистика саласы толығымен істен шыққанын, көрдіңіздер. Локдаун жарияланып, Ресей мен Қытаймен шекараларының жабылуына байланысты жүктер шекарада айлап тұрып қалды, өзімізге қажетті қосалқы бөлшектерді, жинақтаушы бұйымдар мен жабдықтарды ала алмадық. Ол кезде қалайда жұмысшылардың жұмыс орындарын сақтап қалу үшін компанияны барынша ұстап тұруға тырыстық. Ешқандай табыс тапқан жоқпыз.

Компанияның кредит  берушілер алдында үлкен міндеттемелері болды, бірақ 2021 жылы нарықтағы баға көтерілгеннен кейін  біртіндеп жағдайды реттей алдық. Барынша бағытты еуропалық нарыққа қойдық, соның арқасында жыл соңында  компаниямыз бұрын-соңды жетпеген рекордтық табысқа жетті.  Осылайша, мемлекет алдындағы және коммерциялық инвесторлар алдындағы барлық міндеттемелерді толығымен өтедік. Өткен жылдың өзінде компанияның салық төлемі 20 млрд теңгеден астам соманы құрады. Сондықтан дағдарысты алға итермелейтін, құнды тәжірибе жинап, әрі қарай дамыта алатын өзіндік алаң ретінде қарастырамын.

Былтыр ақпан айында Ресей мен Украина арасында қақтығыс басталғанына, қақтығыс салдарынан Ресей Федерациясына санкциялық қысым жасалғанына, логистикалық тізбектердің бұзылғанына қарамастан, 2022 жыл біз үшін табысты жыл болды. Біздегі көмір  Еуропаға толығымен Ресей арқылы өтеді. Ал Каспий арқылы өтетін баламалы бағыттар қазіргі уақытта Қазақстанның экспорттық көлемін жіберуге дайын  болмай отыр. Бұл көмір өнеркәсібі саласына қатты әсер етті. Соған қарамастан, қазір экспортқа тасымалдаудағы қиындықтарды еңсере алдық. Өздеріңіз білетіндей, өндіру көлемінің өсуі нарықтағы тұрақтылықтың басты кепілі болып табылады. 2022 жылы біз рекордтық 3 миллион тонна көмір өндіріп,  жалпы разреді игеру басталғалы бергі  көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізе алдық.

«Шұбаркөл Премиум» разрезі   - Қазақстанның басқа көмір өндірісі арасында кейін ашылған кен орны. Басқа кен орындары Кеңес Одағы кезінде әзірленіп, өндірістік қуаттылыққа шыққан. Біздің компания болса, көмірдің алғашқы тоннасын 2016 өндірген. 2023 жылы өндіріс көлемін  жылына шамамен 4 млн тоннаға жеткіземіз, ал 2027 жылға қарай көмір өндірісінің көлемін жылына 5 млн тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Көмірдің бір бөлігін ішкі нарыққа, тұрмыстық қажеттіліктерге өз құнынан әлдеқайда төмен беріп отырмыз, сондықтан оны әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жарнамасыз көмек десек те болады. Еліміздің оңтүстігін, солтүстігін,  орталығын – былайша айтқанда бүкіл Қазақстанды қамтуда. Көмірдің қалған бөлігі Германияға, Польшаға, Швейцарияға, Түркияға және басқа да алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылады.

Описание: https://inbusiness.kz/uploads/2023-2/8YBABkdi.jpeg

Көмір өндірушілер үшін логистика әлі де өзекті мәселе. Қазір көмір өндіру саласында ғана емес, сонымен қатар тау-кен өнеркәсібінде де өнімді сату үшін өндіріс пен тасымалдау көлемін ұлғайту үрдісі байқалады. Сондықтан біз "Қазақстан теміржолы" ҰК-мен бірлесіп, туындайтын қиындықтарды шешіп, тасымалданатын жүктер көлемін ұлғайту үшін логистикалық мүмкіндіктерді арттырамақпыз.

- Дегенмен, барлық қиындықтарға қарамастан, компания кен өндіру мен кіріс көзі бойынша рекордтық көрсеткіштерді көрсетуде. Мұның құпиясы неде?

- 2022 жылы Қарағанды ​​облысында көмір өндірудің 2,5%-ға төмендеуі тенденциясына қарамастан, өткен жылы «Шұбаркөл Премиум» разрезінде көмір өндірудің өсімі 79%-ды құрады, бұл бізді Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан көмір өндіруші компанияға айналдырады. Мұндай рекордтық көрсеткішке қалай қол жеткіздік?

Біріншіден, сұраныс артты. Екіншіден, бәсекелестермен салыстырғанда Шұбаркөл көмірі анағұрлым сапалы, жоғары калориялы және күлділігі төмен болғандықтан, ол еуропалық нарықтарында да жоғары сұранысқа ие. Бүгінде кәсіпорында жұмыс істейтін ұжым - ол біздің ең маңызды ресурсымыз және табысқа жетуіміздің сыры осында. Оған кәміл сенімдімін.

Бүгінгі күні «Шұбаркөл Премиум» компаниясында 800-ден астам қызметкер жұмыс істейді, бір уақытта вахтаға 330 қызметкер жұмысқа шығады. Қазір ұжым тұрақты, ұжымның негізгі тірегі болар қызметкерлер де қалыптасты. Қызметкерлер бізге сенеді, біз оларға сенеміз.  Өткен аптада ғана жұмысшыларға жиналыс өткізідік, оң нәтиженің әсері  бірден сезіледі. «Әріптестер, сыртқы орта қаншалықты өзгерсе де, бір мезетте бірнеше міндетті атқару керек болған жағдайда тез шешім тауып, жұмысымызды қайта құрылымдап, алға ұмтылуымыз біздің басты артықшылығымыз» деген сөздерді жиындарда жиі айтамын.

Біздің артықшылығымыз – мәселеге басқа қырынан қарауымыз деп айтар едім. Қазір сыртқы орта өте құбылмалы, нәтижеге жету үшін біз оған бейімделе аламыз. Бізде қиындықтарға қарсы иммунитет қалыптасқан. Қазір алдымызда үлкен міндеттер тұр, сондықтан бұл өте маңызды. 2019 жылдан бері кен өндіруде тұрақты түрде өсім  көрсетіп отырғанымызды мақтан тұтамыз. 3 жыл ішінде ұжымның үйлесімді жұмысы мен технологиялық процестің жоғары стандартқа сай жүруі арқасында біз кен өндіру көлемін ұлғайтып, көрсеткіштерді 1,6 млн тоннадан  3 млн тоннаға дейін, яғни екі есеге арттыра алдық.

- Бүгінде елімізде әлеуметтік әділеттілік мәселесі бұрынғыдан да өзекті. «Шұбаркөл Премиум» кәсіпорнындағы қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қалай?

- Мен ең маңызды аспектіден – жалақыдан бастайын. 2021 жылы біз қызметкерлердің біліктілігіне байланысты жалақы деңгейін 40-60%-ға,   өткен жылы 20%-ға көтердік, ал 2023 жылы жалақыны кемінде 20%-ға арттырдық. Яғни, 3 жыл ішінде біз жалақы деңгейін 100%-ға көтердік.

Инфрақұрылымға келер болсақ, қазір өндіріс көлемінің өсуіне байланысты вахталық қалашықтағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде ол жерде үш жатақхана бар, штаттың ұлғаюына байланысты 250 орындық тағы бір үлкен жайлы ғимарат бой көтеріп, қалғанына күрделі жөндеу жасалып, заманауи үлгіде жаңартылмақ.

Тұрғын қалашығы орталық қазандық арқылы жылытылады, жақын арада жұмысшыларымыз 300 орындық кең асханада тамақтанатын болады, ал әкімшілік-тұрмыстық ғимаратта жуыну орны, сонымен қатар кір жуатын орын да бар.

Әзірге суды сырттан тасып пайдаланып жатырмыз, бірақ 35 шақырымдық су құбырының құрылысын қолға алдық, ол үшін өзімізде ұңғымаларды бұрғыладық. Су құбырын 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, қалашықта су болады. Сондай-ақ ағынды суларды тазарту қондырғыларының құрылысын бастадық. Бұл жобаға 1,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салу жоспарда бар. Қажеттіліктің артуына байланысты жаңа орталық қазандық салынатын болады.  Жұмыс істеп тұрған қазандықты қосалқы үй-жайлар мен қоймаларды жылытуға ауыстырамыз. Сондай-ақ футбол, волейбол, баскетбол ойнауға болатын жабық, жылытылатын шағын спорт залы салынады, ашық алаңға турниктердің жиынтығы және тренажерлер қойлатын болады.

- Сіз логистика мәселесіне тоқталып өттіңіз,  кен орнынан көмірді тиеуден бастап вагондарға  дейін тасымалдау  қалай іске асырылады?

- Теміржол логистикасы – ең маңызды сәт. 2021 жылы инвестициялық бағдарлама бекітілді, оған сәйкес біз үш кезеңде логистика бойынша максималды өткізу қабілеттілігіне қол жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Теміржол инфрақұрылымын жақсартуға 5,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Шұбаркөл» стансасындағы 3 станса жолын өз қаражатымызға салып, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-на тапсырып жатырмыз.

Сонымен қатар, көмір тиеу тұйығында қосымша 3 жол салдық, бұл бізге  көмір тиеу көлемін 40%- ға арттыруға мүмкіндік берді: егер бұрын  тәулігіне 120 вагон тиеген болсақ, қазір 200 вагонға дейін  көмір тией аламыз.

Екінші кезеңде қазір кен разрезіне қарай теміржол желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Ал үшінші кезеңде учаскенің өзіне станса салынады. Бүгінде разрезден 17 шақырым жерде Шұбаркөл стансасының маңында 3 тиеу тұйығы орналасқан, көмірді автокөлікпен тасымалдаймыз. Бұл қымбат әрі оның экологиялық жағы да бар. Біріншіден, бұл шаң, газ, шу... қалай дегенмен Шұбаркөл кентінің жанынан өтуге тура келеді. Екінші маңызды мәселе – өзіндік құнды азайту. Жеке теміржол инфрақұрылымын салу арқылы тасымалдау шығындары да айтарлықтай төмендейді.

Тағы бір атап өтетін жайт - ол көмір сапасының артуы. Бүгінде біздің коммуналдық-тұрмыстық көмірдің  ұсақ екендігі жайлы шағымдар келіп түсуде. Бұл көмірді бірнеше ауыстырып тиеуді жүзеге асыратындығымызға байланысты: басында көмірді разрез бортына самосвалмен шығарамыз, содан кейін жүк тиегішпен трассалық самосвалға тиеп, 17 шақырым жүреміз, станцияға түсіреміз, одан кейін вагонға тиейміз. Сондықтан көмір коммуналдық-тұрмыстық секторға  жеткендеде ұсақталады. 2022 жылы біз 12 шақырым теміржол салдық және биыл оны тікелей разрезге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Содан кейін бұл мәселелердің барлығы шешімін табады.

- Сіздің ойыңызша, модернизация өндіріс үшін қаншалықты маңызды?

- Модернизация кез келген сала үшін өте маңызды,  заман ағымынан қалыс қалмау керек. Егер біз бір орында тұрсақ, бәсекелестерімізге бізден қандай да бір жолмен озып кетуге мүмкіндік береміз. Сондықтан біз өндірісті модернизациялауға, техника паркін жаңартуға елеулі инвестиция саламыз. Қазір бүкіл әлемде Индустрия 4.0 деп аталатын – цифрлық технологиялар нақты уақыт режимінде барлық технологиялық процестерді қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін өндірісті ұйымдастыру тұжырымдамасын енгізу үрдісі байқалады. Біз де заман ағымына ілесе отырып, кенішті цифрландыру жұмыстарын бастап кеттік.

Кен орнының толыққанды цифрлық егізі құрылады. Барлығы датчик құрылғыларымен жабдықталады және онлайн режимде қандай жабдық қандай жүктемеде және қандай отын шығыны жіберіп жұмыс істейтінін көруге болады. Жабдықтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу толық автоматтандырылады, құжат айналымы толығымен цифрланады. Мысалы, "Шұбаркөл Премиум" орталық кеңсесі кен орнынан 500 шақырым жерде орналасқан, сондықтан кеңседе отырып  разрезде не болып жатқаны туралы ақпаратты мүмкіндігінше тез және оңай алуға болады..

Бұл, әрине, үлкен жұмыс көлемі, жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден асады, бірақ біз оны 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып цифрландыруға осындай ауқымды инвестиция құйып жатырмыз. Мысалы, диспетчерлік жүйе көп компанияларда бар, бірақ кешенді түрде,  өндірістің цифрлық егізін жасағандар жоқтың қасы, менің ойымша, елде әзірге оның баламасы жоқ.

Сондай-ақ Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында біз Қытайдағы «Sanbao» сауда-өнеркәсіп корпорациясымен байланысқа шықтық және олар біздің техникалық тапсырмаға сәйкес CFX-12 құрғақ байыту сепараторын әзірледі. Бұл қондырғының көмегімен біз бұрын үйіндіге кеткен тау жынысынан көміртекті қабаттарды аламыз. Бұл көмірдің сапасын арттыра отырып, оның шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Өндіру процесінде бізде нормаланған шығындар бар, шамамен 8%. Енді біз оларды осы сепараторға жібереміз және бөлеміз: көмірді бөлек, таужынысты бөлек.

Модернизацияның келесі кезеңдерінің бірінде көмірді самосвалдармен емес, конвейермен (жүктерді тасымалдаушы машиналар) тасымалдау үшін конвейерлеу әдісін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл көмірдің өзіндік құнын төмендетеді. Сондай-ақ биылғы жылы шөміш сыйымдылығы 20 текше метрден асатын ірі электр экскаваторларын мен жүк көтергіштігі 130 тоннадан жоғары самосвалдарды қосымша сатып алмақпыз.

- Кен орнында  көмірден бөлек қосымша ілеспе материалдар өндіресіздер ме?

- Көмір шаңынан және аршылған жыныстардан  ванадий, молибден, титан сияқты 20-ға жуық сирек кездесетін металдарды алу үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу мақсатында Қарағанды техникалық университетімен шарт жасастық. Зертханалық зерттеулер олардың бар екенін және оларды алуға болатынын көрсетті, енді олар бізге тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғыны әзірлеуі керек. Табысты практикалық нәтижеге қол жеткізгеннен кейін біз сирек кездесетін металдарды өнеркәсіптік ауқымда өндіруді көздеп отырмыз.

- Өндірістен басқа  инвестицияны  қайда  салып отырсыздар?

- 2022 жылы Теміртауда қуаттылығы айына 3600 тонна жартылай кокс шығаратын зауыт сатып алынды. Осылайша, біз шығаратын көмірдің қосымша құн қосылған өнім ретінде болғанын қаладық. Осы бағытқа жыл сайын 60 мың тоннаға дейін көмір жібереміз. Өткен жылдың соңында ол толық қуаттылыққа шықты және сәйкесінше  оның нәтижесін 2023 жылы көреміз.

- Барлық ірі компаниялар қайырымдылық қызметке қатысуды басты  міндет деп санайды…

- Иә, солай болуы керек және біз де оны басты міндет санаймыз. 2022 жылы «Шұбаркөл Премиум» компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында қайырымдылық көмекке 500 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Мәселен, жуырда Шұбаркөл кентіндегі үйлердің шатыры  63 миллион теңгеге жөнделді.

- Елдегі көмір саласының болашағы  жайлы не айтасыз?

- Қазір бүкіл әлем көміртекті бейтараптық жайлы айтуда, бірақ баламалы энергия көздері адамзатқа қажетті энергия көлемін толығымен жаба алмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мұнай қорын алып қарап көрейік, мұнай қоры шектеулі, алда бәлкім 60-80 жылға жетер, ал көмір қоры кем дегенде тағы 350 жылға жетеді. Ендеше, көмірдің, демек, көмір өнеркәсібінің, көмірді терең өңдеу алынатын өнімдердің болашағы зор деп ойлаймын. 

 

Серіктес жаңалықтары