Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы қалыпты жұмыс істеп тұр. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстер кешігіп және тоқтатылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әуежайдың баспасөз хатшысы Анвар Шалекеновтің мәліметінше, 16 рейс тоқтатылған.
“Қазір әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр, бірақ рейстер кешігіп жатыр. 36 рейстің қону, 28 рейстің ұшу уақыты шегерілген. 16 рейс тоқтатылды. Оған елордадағы ауа райының қолайсыздығы және ұшақтың кешігіп келуі себеп”, - деді Шалекенов.
Ол жолаушылардан әуежайдың ақпараттық қызметтері мен әуекомпанияның байланыс орталықтарынан рейстердің кешігуі, сондай-ақ тоқтатылуы туралы ақпаратты нақтылап алуды сұрады.
“Кешеден бері әуежайда, оның ішінде ұшу-қону жолағында да қар тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Жолдарда көктайғақ болғандықтан, жолаушылардан сақ болуды сұраймыз”, - деп қосты ол.