×
432.69
455.32
6.81
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
432.69
455.32
6.81

Сенатор: Бізде Агробанк жоқ – Ресейден ұтылып жатқанымыз содан

31.03.2022, 10:49
Фото: Ашық дереккөзден

Сенатор Мұрат Бақтиярұлы елдегі шаруаларды қолдау үшін ауыл шаруашылығына маманданған банк ашуды ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Аталмыш мәселе жақында сенаторлардың Қызылорда облысына барған жұмыс сапары кезінде көтерілген. Диқандар аймақтағы негізгі аграрлық дақылы күріш екенін айта келіп, осы дақыл облыста ішкі нарық сұранысының 80%-на дейін қамтамасыз ететініне тоқталды. Алайда жыл өткен сайын жұмыс істеу қиындап барады. Аудандағы суармалы жерлердің жағдайы өте нашар, суармалы жерлерде су құбыры мен кәріз жүйесі тиісті қаржыландырудың жоқтығынан уақытында тазартылмайды. Бұл құбырлардың қоқысқа толып кетуі мен шамадан тыс тұздануға әкеледі.

«Дамығын елдерде 1 текше метр суға 4-6 кг ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кг, яғни 6 есе аз өндіріледі. Ал дамыған елдерде 1 кг өнім өндіруге 160-400 литр су жұмсалса бізде 1200-2500 литр су жұмсалады. Демек, еліміздегі суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл Үкімет тарапынан назар аударарлық мәселе», - деді депутат сенаттың бүгінгі отырысында.

Минералды тыңайтқыштардың қымбаттығы да бөлек бір проблема. Биыл олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2,5-3 есе өсті. Бұл салада  делдалдар маңызды рөл атқарады, соның салдарынан өнімнің құны едәуір өсіп кетеді. Депутат осыған байланысты өз сауалында «Мелиорация туралы» заңды қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол заңда мемлекеттік органдар мен жер пайдаланушылардың жерді мелиорациялау жөніндегі жауапкершілігі нақтылануы тиіс. Депутат сонымен қатар елімізде ауыл шаруашылығы банкін ашу қажеттігіне де назар аударды.

«Біздің ауыл шаруашылық өндірушілері Еуразиялық Экономикалық одаққа енген Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені, бұл елдердің шаруаларының жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық аудандарда орналасқан Агробанктері жұмыс істейді. Осы кезге дейін Парламент қабырғасында бірнеше рет көтеріліп, бірақ шешімін таппай жатқан біздің елімізде де осындай арнайы мамандандырылған ауыл шаруашылық банкін ашу мәселесін қарап, оның оң шешілуін бүкіл шаруалар күтіп отырғанына назарыңызды аударғымыз келеді», - деді сенатор.