×
468.9
485.64
7.7
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.9
485.64
7.7

Аймағамбетов мұғалімдікті таңдайтын түлектер ең жоғары шәкіртақы алатынын мәлімдеді

01.04.2022, 16:35
Фото: Ашық дереккөзден

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дәстүрді жалғастырып, 2022 жылғы түлектерге хат жазды. Оны оқушылар Kundelik.kz, BilimAl.kz және Mektep.Edu.kz білім платформаларындағы жеке кабинеттерінен оқи алады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Хатта министр оқушылардың ҰБТ-дан қиындықсыз өтуі үшін қосымша шаралар қабылданғанын жария етті. Атап айтқанда:

  • ҰБТ-ны электронды форматқа көшіріп, оны барынша әділ еттік. Орнатылған камералар, прокторинг және трансляция жүйесі түлектерге кедергі келтірмеуі керек. Себебі бұл шара ҰБТ-ның әділ және ашық өтуі үшін енгізілген.
  • ҰБТ жылына бір рет емес, 4 рет өткізіледі. Бұл жұмысқа әріптестеріміз көп күш-жігер жұмсаса да, бірақ ол түлектердің күйзелісін азайтып, университетке түсуіне бірнеше мүмкіндік береді.
  • Ерекше қажеттіліктері бар балаларға да арнайы жағдай жасалды. Биылдан бастап оларға тапсырмаларды орындау үшін қосымша 40 минут бөлінді. Сондай-ақ тапсырмалар суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз берілді.
  • Енді тест тапсырушыларға калькуляторларды тұрақты түрде пайдалануға рұқсат етіледі.
  • Биыл ҰБТ ұпайлары ғана емес, сонымен қатар әр пән бойынша нәтижелердің тақырыптық талдауы беріледі. Бұл сіздердің әлсіз тұстарыңызды талдауға және білімдеріңізді жетілдіруге көмектеседі.

Президенттің қолдауының арқасында грантқа түсуге мүмкіндік артып отыр. Биыл қосымша 15 мың грант бөлініп, стипендия мөлшері 15%-ға өскен.

«Қадірлі достар! "Қандай университетті таңдап, қайда оқыған дұрыс?"- деп те ойлап жүрген боларсыздар? Осы ретте бірнеше кеңесіммен бөлісуді жөн санап отырмын: Бірінші. ЖОО-ның жұмыс берушілер рейтингіндегі орнымен, кадр құрамымен, оқу жағдайларымен танысыңыз. Екіншіден, қандай бағдарлама бойынша оқу жүргізілетінін қараңыз. Сондай-ақ мамандықтардың атауы бірдей естіліп, бірақ мазмұны айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін. Сол себепті үздік әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, университеттердің барлық бағдарламасының тізілімін жасадық. Енді ол бәріне қолжетімді. Үшіншіден, университеттің беделін бағалаңыз. Қазір ЖОО-лар өз үлгісіндегі дипломдарды береді. Дегенмен университет беретін дипломның қағазынан бұрын, оның қандай маманды дайындап шығаратыны маңызға ие. Төртінші. Университеттің аккредитациясына назар аударыңыз. Егер ол ең мықты аккредиттеу ұйымдарынан өтсе, онда сапаның болатынына сенуге болады», - дейді ол.

Мамандықты таңдауға қатысты да министр ойын айтты. Жинаған бал көлеміне немесе басқа бір факторларға байланысты қабылданған шешім қате екенін есте сақтауды сұрады. Оқу мен кәсіптің 3 түрі үлкен әлеуетке ие деп ойлайтынын да айтты.

«Жас мұғалім. Қазір бұл мамандық тұрақтылықтың кепіліне айналды. Елімізде жақсы мұғалімдерге сұраныс өте жоғары. Қазір жалақы да, даму мен мансаптық өсу мүмкіндіктеріне де жағдай жасалған. Сонымен қатар осы бағытқа 9,5 мың грант бөлініп, ең жоғары стипендия тағайындалады, одан бөлек, жалақы жыл сайын 25%-ға өсіп отырады. Жас инженер. Президент техникалық мамандықтардың маңыздылығын атап өткен болатын. Мықты инженер болсаңыз, онда сіз кез келген жерде бәсекеге қабілетті боласыз. Өздеріңіз білетіндей, жүздеген жас қазақстандық Google, Amazon және әлемге әйгілі басқа да компанияларда жұмыс істейді. Жас ғалым. Қазақстан ғылымы қарқынды дамып келеді. Отандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасады. Сондай-ақ жас ғалымдар бүкіл әлем бойынша ғылыми жарыстарда алдыңғы орындарда. Олардың жобаларына шетелдік компаниялар серіктестік ұсынып жүр. Одан бөлек, біз ғалымдарға барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Атап айтқанда, ғылыми гранттар бөлу, шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту және т.б. Сіздердің араларыңыздан да Сәтбаев ісін жалғастырушы мықты ғалым шығуы әбден мүмкін», - дейді ол.