×
425.02
450.1
7.17
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
425.02
450.1
7.17

Азанов: Батырбаевты бірнешеуі азаптаған – бірақ бір ғана полицей ұсталды

02.04.2022, 00:54
Фото: Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz  порталына сұхбат берген заңгер Бауыржан Азанов Қаңтар оқиғасынан кейін азаптауды бастан өткерген Азамат Батырбаевты уақытша оқшаулағышта ұстау мерзімі тағы ұзартылғанына наразы екенін білдірді.

«Алматы облысының прокурорымен кездескен кезде күдікті тұлға – полиция қызметкері. Оның үстінен күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы таңдалған. Азаматқа үтік басып, біреуі ұсталды. Ал негізі ол жерде азаптаған адамдардың саны біреу ғана емес қой. Бірнеше адам! Оны әлі анықтау керек. Анықталғандары да, анықталмағандары да бар. Меніңше, іс объективті түрде жүргізілсе, жақсы болар еді. Себебі полиция қызметкеріне бұлтартпау шарасы бірден тағайындалған жоқ. Ұзаққа созылды. Бәріміз шулап, бірнеше арыз, өтініш хаттар тапсырылғаннан кейін ғана оны бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді ол.

Заңгердің айтуынша, азаптауға қатысқан полицияның басқа қызметкерлерінің үстінен әлі бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ.

«Екі қылмыстық істе қатысушы болып жүрмін. Бірінде Азамат Батырбаев күдікті болып танылды, екіншісінде азаптаудың құрбаны – жәбірленуші болып отыр. Бірінде адвокаты, екіншісінде өкілімін. Осыдан 10-12 күн бұрын Азаматтың үстінен таңдалған бұлтартпау шарасы тағы бір айға ұзартылды. Мен тергеу сотына өтініш хатымды тапсырып, үйқамақ секілді шара қабылдануын сұрадым. Өйткені ол емделуі керек. Физикалық, психологиялық денсаулығына зақым келді. Ер адам болғаннан кейін оны көрсетпейді, білдірмейді. Маған айтпайды. Өзі көп сөйлемейтін адам. Оның ешқандай тонауға, қарақшылыққа қатысы жоқ. Ол өмірінде қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік болсын – тартылып көрмеген азамат. Тап-таза, бес баласын, бауыр-қарындастарын бағып отырған адам. Оған мүмкіншілік беруі керек болатын. Біздің тергеп тексеру орындары үйқамаққа жіберсе түгі де кетпес еді. Ол ешқайда қашатын адам емес. Қашатын жері жоқ», - дейді ол.

Сондай-ақ заңгер бұлтартпау шарасының үйқамақ немесе кепілдік секілді түрлері болғанына қарамастан Батырбаевты уақытша оқшаулағышта ұстау мерзімі тағы ұзартылғанына наразы екенін білдірді.

«Азамат Батырбаевты ешкім жібермей отыр. Неге жібермейді? Үйінде емін алуы керек еді. Оны қазір тіпті бүкіл әлем біледі. Аса қатігездікпен азапталғанынан хабардар. Оның деңгейінде азапталған адамдар көп емес. Оған неге психологиялық көмек көрсетілмейді? Ол азаптаудың құрбаны болған соң әрине, әрбір азапталған тұлға психологиялық жапа шегеді. Олардың көбіне шынын айтқанда, психикалық зардап тиді. Олардың көбі шынында әлі түсінбей де отырған шығар. Қазір шықпаса, кейін әрине шығады. Посттравматикалық синдром деген бар. Жоқ дегенде оларға сол диагноз қойылуы керек еді. Әрбір азапталған адамға! Бірақ біздің жүйеде ондай сұрақтар тіпті қойылмайды да», - дейді ол.

Сұхбаттың толық нұсқасы